
Жанбілов Жарас Бейбітұлы 1995 жылғы 2 сәуірде Катонқарағай ауданы, Топқайың ауылында дүниеге келген. Бүгінде ол Алтай ауданы, Серебрянск қаласында тұрады және бірнеше жылдан бері азаматтық қорғау саласында қызмет етіп келеді. 2017 жылдан бастап Жарас өрт сөндіруші болып еңбек жолын бастаған, қазіргі таңда №19 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі қызметін атқарады.
Қызметінің алғашқы жылдарынан-ақ ол ондаған шақыртуларға қатысты. Әрбір өрт – бұл жеке бір тарих, ерлік пен төзімділіктің сынағы. Алайда есінде ең көп қалғаны – Абай облысындағы орман өрттері, сол кезде жалын мыңдаған гектарды шарпыған болатын.
«Біз соңына дейін жалынмен күрестік, – деп еске алады Жарас. – Бірақ ең ауыр сәт – адам шығыны болғанын түсіну еді. Бұл мәңгі жүрегімде қалады».
Ол оқиғалар оның жанында өшпес із қалдырды. Десе де дәл осындай сынақтар нағыз қорғаушыларды шыңдайды.
«Иә, кейде қорқыныш болады, – дейді ол. – Бірақ біз жалынға қарсы жүреміз, себебі артымызда адамдар, олардың өмірі мен болашағы тұр. Бұл – менің қызметімнің басты себебі».
Жарас сенеді: өрт сөндіруші – жай ғана мамандық емес. Бұл – өмірлік шақыру, ішкі жалын. Сол жалын оны ең қатігез дұшпан – жойқын отпен күресуге жетелейді, адамдардың жүрегіндегі өмір шырағын сақтап қалу үшін.