Тұрғындардың қателіктері өртке әкеліп соғады

Тұрғындардың қателіктері өртке әкеліп соғады

Ағымдағы жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында тұрғын секторда 427 өрт тіркелді, олардың 150-і электр құралдары мен электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан шыққан. ШҚО ТЖД мамандары талдау жүргізіп, мұндай өрттерге тұрғындардың қандай қателіктері себеп болатынын айтты:
• Пәтерде немесе үйде бір мезетте бірнеше өткізгіш, ұзартқыш пен үш көзді электр қосу
• Электр құралдарын (ұялы телефонды қуаттау, жұмыс істеп тұрған пеш) қараусыз қосулы қалдыру. Әдетте бұл тұрғындар үйден шыққанда орын алады.
• Тұрмыста ұшқын шығаратын розеткаларды пайдалану, сондай-ақ бір розеткаға бірнеше құралды қоса беру
• Электр құралдарын жанғыш заттардың қасына орналастыру
• Тозған және өрт қаупі жоғары жағдайда тұрған электр сымдарын пайдалану
«Қазіргі уақытта әрбір электр желісіне түсетін жүктеме бірнеше есе артқан. Біз әр бөлмеге дерлік теледидар қоямыз, кондиционер орнатамыз, кір жуғыш машинаны, электр плитаны пайдаланамыз, тіпті электрге негізделген жылы еден жүйесін орнатамыз. Ал жаңа электр құралын сатып аларда: “Бұл сымдар шыдай ма?” дегенді ойламаймыз», – деп түсіндірді ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.
ШҚО ТЖД атап өткендей, электр құралын қосып қойып кету мүмкін емес – бүкіл тұрғын үйге қауіп төнеді.
ШҚО ТЖД ескертеді:
• Кез келген электр құралын қолданбас бұрын – нұсқаулықты мұқият оқыңыз
• Құралдың пайдалану уақытына және рұқсат етілген ток шамасына назар аударыңыз
• Бір розеткаға бірден компьютер, жылытқыш, шаңсорғыш қоссаңыз – желіге түсетін жүктеме шамадан тыс болуы мүмкін екенін есте сақтаңыз
• Ақаулы розеткаларды пайдаланбаңыз
• Егер электр құралын қосқанда жарық аздап күңгірттенсе – бұл желінің шамадан тыс жүктелгенінің айқын белгісі. Бұл – өрттің алдындағы нышан.
• Үйден шығарда – электр құралдарын ажыратыңыз
Өрт шыққан жағдайда 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз.