
Шығыс Қазақстанда өрт салдарынан 500 тоннадан астам шөп жойылды.
ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау мамандары жүргізген көпжылдық мониторинг барысында өрттің шығуына ықпал ететін себептер мен жағдайлар анықталды: отты абайсыз пайдалану, өрт сөндіргіштер мен ұшқын сөндіргіштерімен жабдықталмаған техника, шөпті сақтау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы. Мысалы, шөп қоралары қоршалмайды, айналдыра жыртылмайды, шөп үйінділері электр желілерінің астына орналастырылады.
Нәтижесінде тұтанған өрт әп-сәтте көпкүндік адам еңбегін жойып жібереді. Шөп қарқынды жанады және тез арада басқа үйінділерге таралады.
Соңғы жағдай Катон-Қарағай ауданында болды, тұрғын үй аумағында жиналған шөп үйінділері өртенді. Өрт салдарынан 12 тонна шөп жойылды. Өрттің шығу себебі – халықтың отты абайсыз пайдалануы.
«Рейдтік іс-шаралар барысында нысандардың қызметкерлерімен инспекторлар толықтай нұсқаулықтар жүргізіп, шаруа қожалықтарының жұмысшыларына өрт қауіпсіздігін арттыру бойынша ұсыныстар береді, өрт болған жағдайда іс-қимыл тәртібін, алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолдану ережелерін түсіндіреді. Жалпы облыс бойынша 2981 нұсқаулық жүргізіліп, 9309 адам қамтылды, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлермен 290 дөңгелек үстел ұйымдастырылды», – деп атап өтті ШҚО ТЖД.
Жем-шөпті сақтау үшін ШҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салады:
• Дала жұмыстарында қатысқан барлық адамдарға өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқаулық өткізіледі.
• Шөп шабу кезінде өрт шыққан жағдайда өрт ошағын айналдыра жырту үшін трактор мен соқаны қолдану ұсынылады. Өрт сөндіру құралдары есебінен – бір бейімделген техника немесе көлемі кемінде 5 м³ тіркемелі ыдыс, өрт сөндіргіштер, күректер, шөп сөндіргіштер болуы тиіс.
• Шөп үйінділері мынадай қашықтықта орналасуы қажет: электр желілерінен – кемінде 15 м, жолдардан – кемінде 20 м, ғимараттар мен құрылыстардан – кемінде 50 м.
• Шөп үйінділерін, маяларды, ірі азық үйінділері мен басқа да жанғыш заттар мен материалдарды сақтау бойынша тыйым салынады:
1. қора-жайлардың және басқа да шаруашылық құрылыстардың шатырларына жинауға;
2. электр желілерінің астына жинауға;
3. учаскенің сыртқы қоршауынан 3 метрден кем қашықтықта жинауға.
Өрт шыққан жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласыңыз.