
Облысымызда мол жауын-шашын мен қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ мамандары Катон-Қарағай ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп, “Сарымсақты” гидробекетінде сел және су тасқыны қаупі тұрғысынан, және де Бұқтырма өзені алабындағы жерүсті көзбен шолу арқылы тексеру жұмыстарын жүргізді.
Тексеру қорытындысы бойынша: су деңгейі қалыпты шегінде, бұзылудың және сел процесі көріністерінің сыртқы белгілері анықталған жоқ. Жағдай тұрақты деп бағаланды.
Шығыс Қазақстан облысында жалпы саны 13 сел қауіпті ошағы тіркелген, таулы аймақтардың жоғарғы бөлігінде 144 мореналық көл қалыптасқан.
Сел және сырғыма жағдайына мониторинг жүргізу үшін өңірде 9 маусымдық және 1 жыл бойы жұмыс істейтін гидробекет жұмыс істейді.
Күніне үш рет барлық гидробекеттерден сел қаупі бар учаскелердегі гидрометеорологиялық өзгерістер туралы ақпарат жолданады. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сел жүру қаупі кезіндегі әрекет ету тәртібі туралы түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
Барлық өндірістік-пайдалану бөлімдері мен топтарында апаттық бригадалар құрылды. ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ мамандары елді мекендер, кәсіпорындар, тұрғын үй алаптары, инженерлік құрылыстар мен коммуникацияларға түзету жұмыстарын жүргізді.
Облыс аумағында гидрометеорологиялық жағдайға бақылау күшейтілген режимде жалғасуда.