
2025 жылғы «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында Өскемен қаласында көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын халық арасында жер сілкінісі кезіндегі әрекеттер бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
ШҚО ТЖД құтқарушылары, Қызыл Жарты Ай қоғамының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының қызметкерлері, сондай-ақ 68303 әскери бөлімінің 2-құтқару батальонының әскери қызметшілері тұрғындарға жер сілкінісі басталғанға дейін, сілкініс кезінде және одан кейін қандай іс-қимылдар жасау керектігін егжей-тегжейлі түсіндіріп, алғашқы дүмпулер кезінде жиі жіберілетін қателіктер туралы айтып берді және арнайы жадынамалар таратты.
Рейдтік іс-шаралар барысында төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғындарға жер сілкінісі кезінде зардап шеккен азаматтарды қабылдау пункттерінің қайда орналасқанын көрсетті. Бұл мәліметтер тұрғын үйлердің кіреберісіне ілінген QR-кодтар арқылы қолжетімді болды.
Сондай-ақ, тұрғындар сейсмикалық белсенділік жағдайында қалай әрекет ету керектігі жөніндегі нұсқаулықтарды пилотсыз ұшу құрылғысына орнатылған дауысзорайтқыш арқылы тыңдады.
“Дрондар арқылы халықты ақпараттандырудың бұл инновациялық форматы бізге кең аудиторияны жедел қамтуға, сонымен қатар тұрғындардың ықтимал жер сілкіністеріне дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді”– деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Еңсегенов.