
Катонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі аясында Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті облыс әкімдігімен бірлесіп туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа цифрлық жүйені таныстырды.
Аталған жүйе шеңберінде туристік маршруттарда, қонақүйлерде және визит-орталықтарда арнайы QR-кодтар орналастырылған. Туристер бұл кодты сканерлеп, маршрут бағыты, жүру мерзімі және байланыс деректері бойынша онлайн-форманы толтырады. Бұл ақпарат бірден ШҚО ТЖД жедел басқару орталығына түседі. Қажет болған жағдайда құтқарушылар жедел әрекет етіп, көмек көрсете алады.
Маршрут аяқталған соң турист жүйеден өздігінен тіркеуден шыға алады немесе құтқарушылардың бақылау қоңырауын күте алады.
Жүйе төрт тілде – қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде жұмыс істейді. Фестиваль барысында бұл жүйені алғаш болып Германиядан келген шетелдік қонақтар пайдаланып көрді. Олар көрсетілген қызметтің жоғары деңгейін атап өтті.
Туристердің бірі өз әсерімен бөлісіп: «I feel very safe here. People are very friendly» – деді. Бұған жауап ретінде ұйымдастырушылар: «Біз әрқашан қонақтарымызды қуанышпен қарсы аламыз және сіздердің қауіпсіздіктеріңізге қамқорлық жасау – басты міндетіміз» – деп атап өтті.