Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы жұмыс сапарын Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су торабы мен Есіл өзеніндегі су қоймасын аралаудан бастады.
Петропавл қаласында Серік Жүнісбеков бірінші көтерілімдегі сорғы станциясын қайта жаңарту барысымен, Подгора шағын ауданы мен Кожевенный завод кентін қорғайтын дамбалар мен үйінділерді нығайту жұмыстарымен, сондай-ақ Петропавл су торабы маңындағы айналма арнаның құрылысымен танысты. 2024 жылғы сәуір айында облыс орталығында Есіл өзенінің тасқын сулары 2595 тұрғын үйді су басқан болатын, ал су тасқыны аяқталғаннан кейін ауқымды инженерлік жұмыстар басталды.
Тайынша ауданына сапары барысында Комитет төрағасы аудандық жедел әрекет ету жасағының дайындығын тексеріп, қажетті инертті материалдардың қорының көлемін бағалады.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен өткен аймақтық кеңесте болжам қызметтерінің, «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының өкілдерінің, сондай-ақ Тайынша, Ақжар, Уәлиханов және Аққайың аудандары әкімдерінің алдағы су тасқынына дайындық бойынша атқарылған жұмыстары жөніндегі баяндамалары тыңдалды. Алдын алу шараларын жүргізу бойынша ұсыныстар берілді.
Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті