Петропавлда өртте әйел мен 2 бала қаза тапты

25.09.23 ж. сағат 21.35-те 101 телефонына Волочаевская көшесі, 113 мекенжайындағы жеке тұрғын үйдегі өрт туралы ақпарат түсті. 5 минуттан кейін өрт орнына СҚО ТЖД Өрт сөндіру қызметінің есептері келді. Келген кезде ағаш үй ашық жалынмен жанып жатты. Өрт сөндіру барысында өрт орнында 3 адам - 2003 ж.т. әйелдің, 2022 ж. т. және 2018 ж. т., 2 баланың жансыз денелері табылды. Өрт СҚО ТЖД күштерімен және құралдарымен (жеке құрамның 15 адамы және техниканың 3 бірлігі) сағат 22-04-те оқшауланып, 22-36-да жойылды. Өрт алаңы - 19 ш. м.
Себебі мен залалы белгіленеді.
Оқиға орнына облыс әкімі Г. Т. Нұрмұхамбетов, СҚО ТЖД бастығы
Е. Т. Сарыбаев, СҚО ПД бастығы А. Т. Қабдолдінов шықты. Өрттің алдын алу бойынша халықпен профилактикалық жұмыс шеңберінде тұрғын үй секторын аралауды Петропавл қаласы ТЖ басқармасының қызметкерлері 2023 жылғы 15 маусымда Петропавл қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізді. Бұл үйдің тұрғындары халықтың әлеуметтік осал топтарының есебінде тұрған жоқ.
Жергілікті атқарушы органдарымен ҚР заңнамасы шеңберінде көмек көрсетілетін болады. Қаза тапқандардың туыс жақындарымен СҚО ТЖД психологиялық қызметінің қызметкері жұмыс жүргізді.
СҚО ТЖ Департаменті халықты пешті жылыту, электр және газ жабдықтары мен аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сөзсіз сақтау қажеттігі туралы ескертеді. Есіңізде болсын - қателік Сіздің өміріңізге қауіпті!
СҚО ТЖД Қоғаммен байланыс тобы