
Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, судағы ТЖ кезіндегі іс – әрекеттер, құтқарушылардың суға батып бара жатқан адамдарға көмекке келуге дайындығы-осындай маңызды мәселелерді СҚО ТЖД бастығының орынбасары подполковник Мұрат Қанғожинов облыс орталығының маңындағы Есіл өзеніндегі жағажайда өткен брифингте жария етті.
«Республика аумағында ағымдағы жылы суда 31 адам қайтыс болды, оның ішінде 6 бала. Соңғы 9 жылда облыс бойынша шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде 211 адам суға батып кетті, оның 33-і балалар, құтқарушылар кезекшілік ететін қоғамдық жағажайларда адамдардың қаза тапқаны тіркелмеген», - деп атап өтті Мұрат Серікұлы.
Ол Департамент пен жергілікті атқарушы органдар шомылу маусымын қауіпсіз өткізуге дайындық бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті. СҚО ТЖД еріктілерді тарта отырып, көліктік бақылау инспекциясымен және жергілікті полиция қызметімен рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Ағымдағы жылы су айдындарында 3029 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды, оның барысында түсіндіру әңгімелері өткізілді, тұрғындар арасында 36 мыңнан астам жадынама таратылды.
Департамент бастығының орынбасары негізінен судағы төтенше жағдайлар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау нәтижесінде туындайтынын түсіндірді. Бұл ретте жылдан жылға өлім-жітімнің себептері өзгеріссіз қалады: қауіпті және осы мақсаттар үшін жабдықталмаған орындарда, құтқару құралдарынсыз, алкогольдік масаң күйде шомылу және демалу, көлік инспекциясы органдарында куәландырылмаған шағын көлемді кемелерде балық аулау, құтқару құралдарынсыз, мас күйінде, су қоймаларының жанында балаларды қараусыз қалдыратын ата-аналардың немқұрайлы қарауы.
Брифинг соңында азаматтық қорғау офицерлері балықшылармен профилактикалық жұмыс жүргізді. Оларға судағы қауіпсіздік ережелері, ӘҚБтК-нің 364 және 440-баптарын бұзуға жол берілмейтіндігі түсіндірілді, сондай-ақ қызметкерлер ТЖ қаупі немесе туындауы жағдайында тәулік бойы жұмыс істейтін 112 телефонына жүгіну керек екенін еске салды.
СҚО ТЖ департаментінің
Қоғаммен байланыс тобы