Егіздер Жаратқанның ерекше жаратылысы екені рас. Бүгінде адамзатты бір-бірінен айнымай туған сәбилердің дүниеге келуімен таңғалдыру қиын. Мұндай келбеті бір адамдардың өмірде екі түрлі жол таңдағандары да жетерлік. Ал бір салада иық тіресе еңбек етіп жүргендері қаншама?!
Егіздерге бір қарағанда ұқсастықты байқағанымызбен, олардың бойында, салмағында, мінезінде, тіпті жүріс-тұрысында да айырмашылықтар болуы мүмкін. Алайда егіздердің арасында бір кәсіпті таңдап, бір-бірін демеп жұмыс істеп жүргендер де бар. Сондай ағайындылардың бірі – Айтуар мен Айтуған Бекеновтер. 2011 жылы мектеп бітірген олар өз өмірлерін құтқару қызметімен байланыстыруға бел буған. Екеуі де Ұлттық бірыңғай тестілеуде жақсы ұпай жинап, Мәскеу қаласындағы төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын сәтті аяқтаған Бекеновтер туған елге оралып, жұмысқа орналасады. Айтуар Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы болып еңбек жолын бастаса, Айтуған Тимирязево ауылында дәл осындай лауазымда қызметке кіріседі. Бүгінгі таңда егіздердің бірі шаһарымыздағы №3-ші өрт сөндіру бөлімінің бастығы, екіншісі №2 бөлім бастығының орынбасары болып жұмыс істейді.
Бір қызығы, ағайындылар кішкентай кездерінен бері бірдей киім киіп келеді. Орта білім ордасында оқып жүргенде де, академияда оқыған тұста да бірдей форма киді. Міне, бүгінгі қызметтерінде де үстеріндегі әскери киім жарасып тұр. Сондықтан болар, оларды алғаш көргендер шатастырып тұрады. Десе де достары, отбасы мүшелері мен туыстары кімнің-кім екенін тез таниды.
– Адамдардың көбі екеуімізді ажырата алмайды. Түріміз, дауысымыз ұқсас болғанымен, мінезіміз, жүріс-тұрысымыз, өмірге деген көзқарасымыз әртүрлі, – дейді Айтуар Бекенов.
Жұмыстағы әріптестері де алғашында ағайындыларды шатастыратын. Әлі күнге дейін кейбірі егіздерді түрлеріне қарап ажырату қиын екенін айтады. Айтуар он минут ерте туған. Бүгіндері ол №2 қалалық мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде еңбек етеді. Бастықтың орынбасары лауазымында.
– Бала кезімізден бері бір-бірімізге арқа сүйеп, қолғабыс етудеміз. Мектепте оқығанда түрлі кикілжің болғанда бір-бірімізді қорғап жүретінбіз. Балалық шағымызда мені әлдекім ренжітсе, егізім араша түсетін. Сонда маған қарсы шыққандардың көбі олармен мен емес, Айтуардың жұдырықтасып жатқанын біле бермейтін. Есейе келе мұндай қулықтарды қолдануды қойдық, – деп ағынан жарылады Айтуған.
Қызметтес егіздердің тағы бір айырмашылығы бар. Айтуар спортқа және гуманитарлық ілімдерге жақын. Ал Айтуған керісінше, ғылымды, нақтырақ айтқанда, математика-физика пәндерін ұнатады. Бүгіндері егіздердің өз отбасылары бар. Ата-анасының сүйікті ұлдарын әрі қызметтеріне адал офицерлерді әріптестері де құрметтейді. Тағдырлас егіздердің алға қойған мақсаттары да айқын. Екеуі де қоғамда өрт қауіпсіздігін сақтап, мансаптарында жоғары белестерді бағындыруды көздейді.
Бейресми ақпарат көздеріне сүйенсек, Қазақстан егіздердің өмірге келуі жөнінен әлемде 48-ші орында. Ал көш басында Нигерия тұр. Бұл елде әрбір 22-ші адамға бір егізден келеді екен. Жер шарының төрттен бір бөлігін құрайтын Қытай бұл көрсеткіш бойынша соңғы орынға жайғасқан.
Аманжол НҰРТАЗИН.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ