Халықтың қауіпсіздігі - алдын ала дайындық пен үйлесімді әрекеттен басталады. Осы ұстанымды басшылыққа алатын Нұржан Каракөзев азаматтық қорғау органында 15 жылға жуық уақыттан бері қызмет етіп келеді. Бүгінде ол Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы қызметін атқарады. Бұл лауазымда 2021 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Азаматтық қорғаныстың басты міндеті - халықты төтенше жағдайлардан қорғау және ықтимал қауіптердің алдын алу. Бұл бағытта халықты құлақтандыру, жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету және тиісті қызметтердің дайындығын үйлестіру маңызды. Мұның бәрі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болады.
Осы міндеттерді жүзеге асыруда Нұржан Каракөзевтің кәсіби тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті маңызды рөл атқарады. Ол азаматтық қорғаныс шараларын үйлестіруге және халықтың төтенше жағдайларға дайындығын арттыруға елеулі үлес қосып келеді.
Осы бағыттағы жұмыстың маңызы 2019 жылы Арыс қаласындағы әскери бөлімде болған жарылыстар кезінде айқын көрінді. Шымкентке эвакуацияланған тұрғындарды қабылдау және орналастыру жұмыстары ұйымдастырылып, Нұржан Каракөзев қабылдау пункттерінің жұмысын үйлестіруге және штаб қызметіне жетекшілік етуге атсалысты. Бұл оқиға төтенше жағдай кезінде жедел шешім қабылдау мен үйлесімді әрекеттің маңызын көрсетті.
Нұржан Каракөзевтің кәсіби қызметі азаматтық қорғау жүйесінің жұмысын жетілдіруге және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Азаматтық қорғаныстың тиімділігі алдын ала дайындыққа, нақты үйлестіруге және әр қызметтің бірлесе әрекет етуіне байланысты.
Шымкентте жастарға қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, құтқарушылар қызметінің маңызы насихатталды.
19 қазан – Құтқарушылар күнінде Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де жастармен кездесу өтті. Кездесуде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелерін талқылады.
Кездесуге Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Асқар Рысбекұлы Шәріп, бас құтқарушы Үсен Аятханұлы Рахматуллаев және өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Даулет Нұрбекұлы Орынбек қатысты.
Кездесу барысында азаматтық қорғау органдарының өкілдері жастарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін орындау, тұрмыстағы қауіп-қатерлердің алдын алу және төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету жолдары туралы түсіндірді. Сондай-ақ қауіптің алдын алуда сақтық шараларын ұстанудың және әр адамның жеке жауапкершілігінің маңыздылығы атап өтілді.
Мамандар құтқарушылардың күнделікті қызметі, кәсіби міндеттері мен адам өмірін қорғау жолындағы жауапкершілігі туралы әңгімеледі. Қиын сәтте жедел шешім қабылдау, батылдық пен кәсібилік таныту – құтқарушы мамандығының басты ерекшеліктері. Олардың еңбегі тек төтенше жағдай кезінде көмек көрсетумен шектелмей, қауіп-қатердің алдын алуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де бағытталған.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыру және құтқарушылардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін кеңінен насихаттау.
Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. Қарапайым ережелерді сақтау, қауіп-қатерге бейжай қарамау және сақтық шараларын орындау адам өмірін қорғауға мүмкіндік береді. Ал құтқарушылардың басты міндеті – төтенше жағдайлардың алдын алу, қиын сәтте көмек көрсету және ең қымбат құндылық – адам өмірін сақтау.
Қазақстанда 19 қазанда атап өтілетін Құтқарушылар күніне орай Шымкент қаласындағы Түркістан сарайында салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері, жастар және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Салтанатты шара аясында заманауи құрал-жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Қала әкімі арнайы жабдықтармен танысып, олардың мүмкіндіктері мен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою кезіндегі маңызын атап өтті.
Кәсіби мерекемен құттықтаған қала әкімі құтқарушылардың азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және төтенше жағдайлар кезінде адам өмірін қорғаудағы айрықша рөліне тоқталды. Жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген қызметкерлерге алғысын білдіріп, бірқатар маманға алғыс хаттар табыстады.
Мерекелік жиын барысында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Т. Мадиев құтқарушыларға өзінің мерекелік құттықтауын жеткізіп, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен қызметкерлері, сондай-ақ құрылыс, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының мамандарын медальдармен және алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар бірқатар қызметкерге кезекті арнаулы атақтар берілді.
Ерлік пен кәсібилікті ұлықтап, құтқарушылардың ерен еңбегіне құрмет көрсеткен мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Құтқарушылар күні қарсаңында адам өмірін құтқару жолында ерлікпен қаза тапқан батыл құтқарушы Жомарт Сарсенбековті еске алуға арналған футбол турнирі ұйымдастырылды.
Спорттық шараның басты мақсаты – ержүрек құтқарушының есімін ұлықтау, оның ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ құтқарушылар арасындағы бірлік пен командалық рухты нығайту.
Турнирге Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің және оның құрылымдық бөлімшелерінің командалары, сондай-ақ Түркістан облысы ТЖД-ның бір командасы қатысып, жалпы саны 14 команда өзара бақ сынады.
Тартысты ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды Шымкент қаласы ТЖД жедел-құтқару жасағы иеленді. Екінші орын Түркістан облысы ТЖД жедел-құтқару жасағына бұйырса, үшінші орын Шымкент қаласы ТЖД құрама командасына берілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға кубоктар, медальдар және сертификаттар табысталды. Сонымен қатар жарыста ерекше көзге түскен төрт ойыншы «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қақпашы» және «Үздік қорғаушы» номинациялары бойынша кубоктармен және сертификаттармен марапатталды.
Шара барысында адам өмірін құтқару жолында ерлікпен қаза тапқан батыл құтқарушы Жомарт Сарсенбековтің отбасы арнайы шақырылып, оларға құрмет көрсетілді. Отбасына сый-сияпат табысталып, қолдау білдірілді.
Жомарт Сарсенбековті еске алуға арналған турнир – ерлікке тағзым мен адам өмірін қорғау жолында жанқиярлық танытқан азаматтың рухына деген құрметтің көрінісі. Оның батылдығы мен ерлігі әріптестерінің жадында сақталып, кейінгі буынға үлгі болып қала береді.
19 қазанда атап өтілетін Құтқарушылар күні қарсаңында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мен оның құрылымдық бөлімшелерінде баспасөз турлары ұйымдастырылып, телеарналардың ақпараттық бағдарламаларына сұхбаттар берілді. Іс-шараларға «Хабар», «24KZ», «Әділет», «Оңтүстік» және «Отырар» телеарналарының өкілдері қатысты.
«Хабар» және «24KZ» телеарналарының түсірілім топтары өрт сөндіру-құтқару қызметінің жұмысымен және жедел кезекші ауысымның қызметімен танысты. Азаматтық қорғау майоры Роман Письменскийдің кәсіби жолы мен батылдығына ерекше назар аударылып, оның қызметі туралы арнайы материал әзірленді.
«Оңтүстік» телеарнасы Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің қалыптасу тарихы, бүгінгі қызметі мен жетістіктері туралы арнайы репортаж дайындады. Сонымен қатар департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің жұмысы мен азаматтық қорғау саласындағы түрлі бағыттарды қамтитын түсірілімдер ұйымдастырылды.
«Отырар» телеарнасының түсірілім тобы жедел-құтқару жасағының қызметімен танысып, құтқарушылардың жұмыс ерекшеліктері мен кинологиялық бөлімшенің қызметіне назар аударды. Арнайы сюжетте кинологиялық бөлімшенің басшысы Сергей Зиновьев туралы баяндалды. Оның кәсіби тәжірибесі мен іздестіру иттерімен көпжылдық жұмысы іздестіру-құтқару қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде көрсетілді.
«Әділет» және «Отырар» телеарналарында да өрт сөндірушілер мен құтқарушылардан сұхбаттар алынып, олар күнделікті қызметі, кәсіби тәжірибесі және адам өмірін құтқару жолындағы жұмыстары туралы әңгімеледі.
Мұндай медиа іс-шаралар азаматтық қорғау органдарының қызметін кеңінен насихаттауға, құтқарушылардың кәсіби шеберлігі мен батылдығын көрсетуге, сондай-ақ қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Құтқарушылардың күнделікті еңбегі, кез келген шақыртуға жедел әрекет етуге және адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға дайын болуы зор құрметке лайық. Олардың қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау – ерлік пен кәсібилікті, қызметтік борышқа адалдықты дәріптеудің маңызды бөлігі.
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде жеке құрамның қысқы киім нысанына көшуіне байланысты салтанатты іс-шара өтті. Іс-шара аясында қызметке жаңадан қабылданған қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі ұйымдастырылып, олар Отанға адал қызмет етуге, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға салтанатты түрде ант берді.
Сонымен қатар жеке құрамның сыртқы келбеті, киім нысанын кию тәртібі және белгіленген талаптардың сақталуы тексерілді. Мұндай іс-шаралар қызметтік тәртіпті нығайтуға, жеке құрамның жинақылығын қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою міндеттерін орындауға әрдайым дайын болуға бағытталған.
Құтқарушылар күні қарсаңында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз-туры ұйымдастырылды. Танымдық іс-шараға мектеп оқушылары мен еріктілер қатысып, құтқарушылардың күнделікті қызметімен жақынырақ танысты.
Баспасөз-туры барысында қатысушыларға заманауи өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникалары мен арнайы құрал-жабдықтар таныстырылып, олардың мүмкіндіктері көрсетілді. Өрт сөндіру және құтқару жұмыстары тәжірибе жүзінде көрсетіліп, мамандардың кәсіби шеберлігі мен жедел әрекеті назарға ұсынылды.
Кинолог маман мен қызметтік ит Динка да өз мүмкіндіктерін көрсетіп, қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Ал интерактивті тақтада қауіпсіздік ережелерін үйретуге арналған, ТЖД маманы әзірлеген «Лабиринт» ойыны ұйымдастырылды. Оқушылар ойын арқылы білімдерін сынап, қауіпсіздік туралы түсініктерін толықтырды. Іс-шара барысында қатысушыларға қауіпсіздік ережелері бейнеленген тәтті кәмпиттер таратылды. Сонымен қатар өрт сөндіргішті дұрыс қолдану тәсілдері түсіндірілді.
Іс-шара аясында өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың батылдығы мен ерлігін бейнелейтін суреттер көрмесі де ұсынылды. Көрме арқылы қатысушылар адам өмірін қорғауды мақсат еткен мамандық иелерінің еңбегімен танысты.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – қатысушылардың құтқарушыларға деген алғысын білдіруі болды. Балалар мен еріктілер алдын ала әзірленген, ізгі тілектер мен құрмет сөздері жазылған стикерлер арқылы бүгінгі күннің батырларына ризашылықтарын жеткізді.
Баспасөз-туры барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арнайы түсірілім жүргізді. Танымдық кездесу өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, құтқарушы мамандығына деген құрметін арттыруға және азаматтық қорғау саласының маңызын кеңінен танытуға бағытталды.
.
19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңында Шымкент қаласы Еңбекші ауданының №63 жалпы білім беретін мектебінде өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған профилактикалық іс-шара өтті.
Шымкент қаласы ТЖД мамандары оқушыларға құтқарушылардың күнделікті қызметі, өрт қауіпсіздігі қағидалары және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл тәртібі туралы түсіндірді. Әсіресе, кинологтың қызметтік итпен жұмысын көрсетуі оқушылардың қызығушылығын тудырды.
Іс-шараға азаматтық қорғау ардагері Дүйсенбек Битанов та қатысып, қызметтік тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ құтқарушы мамандығының маңыздылығына тоқталды.
Кездесу соңында мектеп әкімшілігі ТЖД қызметкерлеріне мазмұнды іс-шара өткізгені және балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейін, құқықтық білімін және қызметтік міндеттерін орындауға дайындығын бағалауға бағытталған аттестаттау жүргізілуде.
Аттестаттау Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңына сәйкес өткізіледі. Оның барысында қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігі, жеке қасиеттері және жүктелген міндеттерді тиімді орындау қабілеті бағаланады.
Заңдылықты сақтау, қызметтік тәртіпті нығайту және кәсіби дағдыларды жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Бұл талаптар азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері үшін аса маңызды. Себебі төтенше жағдайларға жедел ден қою және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету олардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты.
Аталған жұмыс қызметтік қызметтің сапасын арттыруға, құқықтық тәртіпті нығайтуға және жеке құрамның өзіне жүктелген міндеттерді орындауға дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде қаза тапқан құтқарушылардың рухына тағзым етілді
Шымкент қаласындағы Абай саябағында қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шара 19 қазанда атап өтілетін Құтқарушылар күніне орай ұйымдастырылды.
Рәсімге Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қатысты. Қатысушылар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және адам өмірін құтқару жолында өз өмірлерін қиған қызметкерлердің рухына тағзым етіп, олардың ерлігі мен жанқиярлығына терең құрмет білдірді.
Рәсім соңында қаза тапқан қызметкерлерді еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Қаза тапқан қызметкерлердің есімін ұлықтап, олардың ерлік істерін келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың қасиетті борышымыз.