Жаңа жылдағы өрт қауіпсіздігі: Нені білу маңызды?

Жаңа жылдағы өрт қауіпсіздігі: Нені білу маңызды?

20 желтоқсанда Шымкент қаласында жаңа жылдық мерекелер кезінде өрт қауіпсіздігі тақырыбында баспасөз брифингі өтті. Іс-шараны Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлы өткізді.

1 желтоқсаннан бастап, Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Чингиз Ариновтың тапсырмасына сәйкес, елде «Өрт қауіпсіздігі айлығы» жарияланған болатын. Мақсаты – желтоқсан айындағы мерекелік күндердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету.

Акция аясында Департамент қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарына белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтсақ, өрт қауіпсіздігіне жауапты 300 балабақша меңгерушілері мен 130-ға жуық мектеп директорларымен жиналыс өткізілді. Сонымен қатар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында 50-ге жуық кәсіпкердің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Шараға мейрамхана, кафе, ойын-сауық орталықтары, сауда орындары мен базарлар иелері қатысты. Жиналыста мерекелік кезеңдегі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мен нысандарды пайдалану тәртібі талқыланды.

Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Полиция департаментімен бірлесіп, пиротехникалық бұйымдар сатылатын ірі сауда нүктелері мен базарларда рейдтер ұйымдастырылып жатқандығы туралы Е.Отарғалымұлы атап өтті. Сондай-ақ лицензиясыз сауда немесе сақтау тәртібінің бұзылуы анықталған жағдайда, әкімшілік құқықбұзушылық туралы ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабына сәйкес айыппұл салынып, тауарлар тәркіленетінін еске салды.

Спикер қорындылай келе Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес берді:
1. Сапалы өнімді таңдаңыз. Сертификатталған пиротехниканы арнайы дүкендерден сатып алыңыз.
2. Балаларға пиротехниканы қолдануға жол бермеңіз және оны пайдаланудың нұсқаулығын мұқият оқыңыз.
3. Фейерверкті адамдарға, ғимараттарға немесе жанғыш материалдарға бағыттамаңыз.
4. Шыршаны жылыту құрылғыларынан (камин, радиатор, электр пеші) кемінде 1 метр қашықтықта орнатыңыз.
5. Шыршаны тұрақты етіп бекітіңіз, оның құлап кетпеуін қадағалаңыз.
6. Гирляндаларды ұйықтар алдында немесе үйден шығар алдында міндетті түрде сөндіріңіз.
7. Розетканы шамадан тыс жүктемеңіз,бұл өрттің шығуына әкелуі мүмкін.
8. Төтенше жағдайларда 101 немесе 112 нөміріне дереу қоңырау шалыңыз.

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті барлық тұрғындар мен қала қонақтарын мереке кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.