Бүгін Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің гарнизоны Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күніне және Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай салтанатты ант қабылдау рәсімін өткізді.
Іс-шара Абай саябағындағы ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ескерткіші алдында өтті. Шараға департамент басшылығы, жеке құрам және жас мамандар қатысты.
Рәсім барысында жас құтқарушылар Отан алдындағы адал қызметке ант беріп, өз өмірін ел игілігі мен қауіпсіздігі жолында аямай еңбек етуге серт берді.
Ант қабылдау алдында қатысушылар қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты бөлім соңында құтқарушылардың саптық шеруі өтті. Бұл дәстүр — ел қауіпсіздігін күзетіп жүрген азаматтардың жауапты еңбегін құрметтеу мен ұрпаққа өнеге көрсету мақсатында ұйымдастырылады.
– Құтқарушы мамандығы – ерлік пен жанқиярлықты қажет ететін қасиетті міндет. Әрбір ант қабылдаған жас маман еліміздің тыныштығын сақтау жолында аянбай қызмет етеді, – деді іс-шара барысында сөз сөйлеген Шымкент қаласы ТЖ департаментінің бастығының орынбасары Б.Қамбаров.