Ағын су қателікті кешірмейді

Ағын су қателікті кешірмейді

Өңірде қалыптасқан ыстық ауа-райына байланысты облыс тұрғындары тыйым салынғанына қарамастан аймақтағы су қоймалардың жабдықталмаған және тыйым салынған учаскелерінде шомылуды жалғастыруда. Адамдар  облыстың бас санитарлық дәрігерінің №8 қаулысының 10-тармағын өрескелдікпен бұзғандықтан, бұл көп жағдайда судағы жазатайым оқиғаларға әкеп соқтырады.

Өткен апта ішінде Ертіс өзенінде үш қайғылы оқиға орын алып, төрт адам қаза болды. Олардың екеуі - он бес жастағыы кәмелетке толмаған ер балалар.

Алтыншы тамыз күні сағат 16.00-де облыстық Төтенше жағдай депаратментінің бірыңғай диспетчерлік пультіне Ақсу қаласының ауылдық аймағына қарасты Қызылжар ауылының маңындағы Ертіс өзенінің саласында шомылу кезінде 2005 жылы туған жасөспірімнің қаза болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Жігіт өзенде досымен бірге болған. Ол тыйым салынған жерде шомылу кезінде батып кетті. Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Жедел-құтқару жасағының сүңгуірлер тобы жасөспірімнің денесін жағадан он метр қашықтықтан 2,5 метр тереңдіктен алып шықты.

Сондай-ақ, сүңгуірлер бес тәулік бойы 1973 жылы туған ер адамды іздестіру жұмыстарын жүргізді. Ол бірінші тамыз күні жиырма екі жасар ұлымен бірге Павлодар ауданы аумағындағы оңтүстік су айырығының  жанында суға шомылу кезінде суға батып кеткен еді. Ер адамның денесін туыстары кеше 17 сағат 35 минутта «Алтын құм» маңында тапты. Құтқарушылар тобы денені жағаға жақын жерден шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.

Сонымен қатар, кеше құтқарушылар 1987 жылы туған ер адамға көмекке келді. Отыз екі жастағы ер адам достарымен бірге Кенжекөл ауылының маңында демалыста болып, Ертіс өзенінің арғы жағасына жүзіп өтпек болған. Ол орта жолда күшін сарқып, аралға жетуге ғана шамасы келген. Бұл туралы хабарлама құтқарушыларға 15 сағат 58 минутта келіп түсті. Оқиға орнына қайықпен келген құтқарушылар ер адамды жағаға эвакуациялап, онымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті су айдындарындағы жазатайым оқиғалар ең алдымен судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан және шомылушылардың өз күшіне тым сенгендіктен болып жатқанын еске салады. Су айдындарының тыйым салынған және жабдықталмаған учаскелерінде шомылу көп жағдайда судағы қайғылы жағдайларға себеп болады. Павлодар облысының ТЖД-і өңір тұрғындары мен қонақтарына карантин режимі аяқталғанға дейін белгіленген ережелерді бұзбауды және тыйым салынған аумақтарда суға түспеуді  сұрайды.