Суға шомылу маусымы басталғаннан бері Павлодар облысының су айдындарында адамдардың қаза болуына байланысты тоғыз оқиға орын алды. Суға шомылу маусымы кезінде адамдардың қаза болуына жол бермеу бойынша алдын алу іс-шаралары туралы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов баспасөз конференциясында айтып берді.
Өңірдің бас құтқарушысы Павлодар ауылының шетіндегі Ертіс өзеніне батып кеткен он бес жасар жасөспірімнің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
- Үшінші тамызда он бес жасар бала жабдықталмаған жерде шомылу кезінде суға батып кетті, - деді Ернұр Өтегенов. - Ол бір топ адаммен бірге жұмыстан кейін суға шомылуға барған. Жасөспірім баланың жоғалғаны туралы хабарлама «112» пультіне үшінші тамыз күні кешкі сағат тоғызда түсті. Іздестіру жұмыстарына азаматтық қорғаныс басқармасы мен Павлодар қаласы ТЖ басқармасының жеке құрамы жұмылдырылды. Сондай-ақ, «VITA» ерікті іздеу жасағының еріктілері үлкен көмек көрсетті. Қаза болған жігіттің денесін «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Жедел-құтқару жасағының сүңгуірлер тобы төртінші тамыз күні сағат 17.46-да судан алып шықты.
Сонымен қатар, сүңгуірлік құрал-саймандары бар құтқарушылардың екінші тобы төрт күн бойы 1973 жылы туған ер адамды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қаза болған отағасы ұлымен бірге бірінші тамыз күні Ақсу қаласының ауылдық аймағына қарасты Айнакөл ауылдық округінің Сынтас ауылынан бес шақырым жерде Оңтүстік су тоғаны ауданында Ертіс өзеніне батып кеткен еді. Спикер әкелі-балалы азаматтар суға кеткен аумақ Павлодар ауданына жататынын атап өтті. Жиырма екі жастағы жігіттің денесін жергілікті тұрғындар оқиға орнында судан алып шыққан болатын.
Ернұр Өтегенов жазатайым оқиғалардың негізгі себебі су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтамау және жабдықталмаған жерлерде шомылу болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №8 қаулысының 10-шы тармағына сәйкес қоғамдық жағажайлардың жұмысына тыйым салынғанын атап өтіп, өңір тұрғындарын карантиндік шараларды сақтауға шақырды.
Облыстық ТЖД-ің құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру бойынша күнделікті рейдтер өткізеді. 18 мамырдан бастап бүгінгі күнге дейін құтқарушылар жергілікті полиция қызметі, білім беру мекемелері және еріктілер ұйымдарымен бірлесіп 1724 рейд өткізді. Рейд барысында олар тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша он екі мыңнан астам жадынама таратты.