Төтенше жағдай департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов онлайн режимде өткен баспасөз-конференциясында Павлодар облысының аумағындағы өрт қауіпті кезеңі мен суға шомылу маусымының өту барысы туралы айтып берді. Спикер жыл басынан бері облыстың орман қоры аумағында 80 орман өрті болғанын атап өтті.
- Орман қорындағы өрттердің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7% - ға төмендегенін атап өткен жөн, - деді Ернұр Өтегенов. - Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарамағындағы орман шаруашылығы мекемелерінің аумағында отыз өрт болса, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының қарамағындағы орман шаруашылықтарында 48 өрт оқиғасы орын алды. Сондай-ақ, облыста құрғақ шөптің жануы 27%-ға артқаны байқалады. Егер, өткен жылы құрғақ шөптің жану оқиғаларының саны 172 жағдай болса, биылғы жылы құрғақ шөптің 219 жану оқиғасы орын алды.
Орман және дала өрттерінің алдын алу мақсатында ТЖ департаментінің құрылымдық және аумақтық бөлімшелері, жергілікті полиция қызметі, табиғатты қорғау және орман мекемелері мен жергілікті әкімдіктер қызметкерлерінен 91 адамнан тұратын жиырма бір мобильді топ құрылды. Осы уақытқа дейін мобильді топтар 240 рейд жүргізіп, олардың барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 59 кінәлі тұлғаны анықтады. Оның ішінде Қазақстан республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 440 - бабы бойынша 51 адам, 336 - бабы бойынша бес және 367-бабы бойынша үш адам жауапкершілікке тартылды.
Аудандық және қалалық әкімдіктер ауылдық елді мекендерді, орман алқаптарын және қоқыс тастайтын жерлерді оттан қорғау үшін минералды жолақтар құру жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта 2679 шақырым минералданған жолақтар құрылды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар елді мекендерге іргелес аумақты құрғақ шөптен және қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді.
Өңірде шомылу маусымы дәстүрлі түрде бірінші маусымнан басталады. Жыл басынан бері облыс аумағындағы суқйомаларда 11 жазатайым оқиға болса, оның ішінде бес оқиға суға шомылу кезінде орын алды.
Су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында 18 мамыр мен 15 шілде аралығында төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселесі бойынша 1205 рейд өткізді. Рейдке облыстың ТЖД-ің, жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті полиция қызметінің, білім басқармалары мен бөлімдерінің, ювеналды полицияның 3404 қызметкері қатысты. Рейд барысында олар 7809 жадынамалар таратып, 11866 адамнан әңгіме жүргізді. Жабдықталмаған орындарда суға шомылған және алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін 182 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде Әкімшілік құқы бұзушылықтар туралы кодекстің 440 бабы бойынша - 15 адам және 364 бап бойынша 167 жауапкершілікке тартылды.
Ернұр Өтегенов облыстың бас санитарлық дәрігері Батырбек Әлиевтің қаулысына сәйкес қоғамдық жағажайлардың жұмысы 5 шілдеден карантин аяқталғанға дейін тоқтатылғаны туралы еске салды.