Павлодар облысында өрт сөндірушілер 2 газ баллонын эвакуациялады

Павлодар облысында өрт сөндірушілер 2 газ баллонын эвакуациялады

Өткен тәулікте Павлодар облысының құтқарушылары 2 газ баллонын эвакуациялады. Бір тәулік ішінде өңірлік ТЖД Бірыңғай диспетчерлік пультіне әртүрлі сипаттағы 14 хабарлама келіп түсті, оның ішінде біреуі өрт, жетеуі өртену оқиғалары, екі шақыру авариялық-құтқару жұмыстарына байланысты және төрт басқа сипаттағы шақыру түрлері болды.

Бірінші шілде күні таңғы сағат төрт отыз бесте Павлодар ауданы Чернорецк ауылындағы өрт туралы хабарлама келіп түсті. "Пресновское" шаруа қожалығының аумағында 15 шаршы метр аумақта ағаштан жасалған күзетші үйшігі толығымен жанып кетті. Оқиға орнына жедел жеткен №3 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері екі газ баллонын эвакуациялады. Өрт сөндірушілер отты сағат 05:41-де ауыздықтап, сағат 05:53-де толығымен сөндірді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын анықталып жатыр. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Әлеуметтік желілерді дүрліктірген тұрғын үйдегі жарылғыш зат туралы хабарлама Департаменттің пультіне отызыншы маусым күні сағат 20:35-те келіп түсті. Полиция департаментінің кезекші бөліміне хабарласқан адам Н. Назарбаев даңғылы 289-ші үй мекенжайындағы тұрғын үйдің пәтерінде жарылғыш құрылғы орнатылғанын хабарлаған. Оқиға орнына облыстық ТЖД-ің Өрт сөндіру қызметі мен жедел-құтқару жасағының күштері, полиция депаратментінің, Апаттар медицинасы орталығы мен жедел жәрдем қызметкерлері жиналды. Жарылғыш құрылғы туралы ақпарат расталмады. Полиция қызметкерлері 30 тұрғынды, оның ішінде 10 баланы эвакуациялады.

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті аймақ тұрғындары мен қонақтарына Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің нормаларына сәйкес арнайы қызметтерді жалған шақыру үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Осылайша, ҚР ӘҚБтК 438--ші бабына сәйкес бұзақылық ниетпен  арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырған жеке тұлғаларға отыз айлық есептік көрсеткіш (79350 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады, егер кінәлі тұлға бір жыл ішінде немесе өртті, апатты жою кезінде қайталап қоңырау соқса, онда әкімшілік айыппұл екі есе көп болады. Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау үшін 5 000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе осы мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Қазіргі заманғы техникалық құралдар кез келген нөмірден және елдің кез келген жерінен түскен қоңырауды, соның ішінде «жасырын» нөмірден қоңырауларды анықтауға мүмкіндік береді.

Сурет: «Павлодар-онлайн» АА