Өрт сөндіру династиясын құрап отырған отбасы…

Өрт сөндіру династиясын құрап отырған отбасы…

 Өрт сөндіру династиясын құрап отырған отбасы…

Павлодар облысының өртке қарсы қызмет тарихының қалыптасуы мен дамуына мыңдаған адамдар өз үлестерін қосты. Өртке қарсы қызмет шежіресіне қызықты тағдырлары мен қиын өмір жолдары бар адамдардың аттарын енгізуге болады. Біздің облыста өртке қарсы қызметінің құрметті ардагерлерінің бірі - Карабалин Алдаберген Мерекеұлы,

Карабалин Алдаберген Мерекеұлы 1958 жылдың 7 қазанында Қостанай облысы Ұзынкөл (Ленин) ауданы Үкіатқан ауылында дүниеге келді. Көп балалы отбасында өсіп тәрбиеленген. Балалардың тұңғышы болғандықтан, әжесі Жібәнәйдің қолында тәрбиеленіп, қазақи тәрбие алды. Атасы Сейтен 1944 жылы Ұлы Отан соғысында Беларуссияны азат етуде ерлікпен қаза тапты.

Үкіатқан ауылында мектеп табалдырығын аттап, бастауыш сыныпты аяқтаған соң, білімін Қостанай қаласында Ы. Алтынсарин атындағы гимназия-интернатында жалғастырды. 1976 жылы Алматы қаласының өрт-техникалық училищесіне оқуға түседі. Өрт сөндіру қызметін таңдауына себеп болған өзінің елден шыққан ағайындары, біріншісі – Жетпісбай аға, екіншісі – Қаршыға ағасы екен. Екеуі де 40 жылдан астам уақыт Ішкі істер министрлігі өртпен күресу қызметінің жоғары лауазымдарында қажырлы еңбек атқарып, полковник дәрежесіне дейін жеткен ағалар. Олардың әскери киімдерін, әскери тәртіптерін ерекше ұнатып, сол ағаларына еліктеген.

Алматы қаласындағы өрт-техникалық училищесін 1979 жылы бітіргеннен кейін, жас лейтенанттарды жан-жаққа таратты. Алдаберген Мерекеұлы Павлодар қаласына бағыт алып, еңбек жолын Павлодар облысының Екібастұз қаласы өрт күзеті бөлімінде инженер лауазымынан бастады. Қызметтегі тәлімгер-ұстазы – Шаймарданов Ерболат аға. Алдаберген Мерекеұлы Екібастұз қаласында қызметін бастағанда, ол кісі аға инженер лауазымында қызмет атқарды.  Ол кісінің бір ерекшелігі қызметіне өте жауапты, өз басы ұқыпты, тиянақты. Сол кісіден үлкен тәжірибе алған. Ерболат аға білімді де білікті, өз ісінің шебері, іскер де талапты қызметкер болса, екінші қырдан кең пейілді, ақ ниетті, барлық адамгершілік қасиеттеріне тән.

Жас маман өз ісіне шын беріле еңбек етіп, 1980 жылы осы бөлімнің аға инженері лауазымына, 1981 жылы бөлім бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. Сонымен қатар өзінің кәсіби деңгейін жетілдіре отырып, білімін ұштастыруды да зор мақсат тұтты. 1983 жылы Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Ішкі істер министрлігі Ташкент жоғары өрт-техникалық мектебіне оқуға түсіп, 1987 жылы аяқтады.

1987 жылы Павлодар облысы Екібастұз қаласына қайта оралып, ГРЭС-2 Өрт сөндіру кезекші қызметі өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары болды. 1988 жылы Екібастұз қаласын күзетуде тұрған № 112 өздік әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып тағайындалды. 1992 жылы Екібастұз гарнизонын қорғауда тұрған № 11 өрт сөндіру жасағы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Қиын-қыстау жылдары, атап айтқанда, еңбекақы уақытында берілмейді, жанар-жағармай жоқ, жеке құрамның көпшілігі қызметтерін тастап кеткен кездері, қысқа көрпені күрмесуге келтіріп, жоқтан бар жасап, үнемшілдік пен ұтымды жұмыс істеудің оңтайлы шешімін табуға көп еңбек сіңірді. Осындай қиыннан қиыстырып, тығырықтан жол табар тапқырлығы мен іскерлігінің арқасында 1994 жылы облыс өрт сөндіру басқармасы нормативтік-техникалық бөлімшесінің бастығы, 1995 жылы облыс өрт сөндіру басқармасы нормативтік-техникалық бөлімінің бастығы болып тағайындалды. 1996 жылы облыстық өрт сөндіру басқармасы бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Карабалин Алдаберген Мерекеұлы көп жылғы еңбегі және мінсіз қызметі үшін «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» ІІІ, ІІ, І дәрежелі медальдерімен, «Төтенше жағдайлар жүйесіне еңбегі сіңген қызметкер» III дәрежелі Төс белгісімен, ҚР ТЖМ Құрмет грамотасымен, «Защитнику Отечества» Құрмет белгісімен, «Төтенше жағдайлар органдарының ардагері» медалімен және т.б. медальдармен  марапатталды.

Одан басқа, табиғи және техногенді сипаттағы үлкен өрттерді, облыстың шаруашылық объектілерінде, 1997 жылы «Ертіс Орманы» Мемлекеттік орман табиғи резерваты ММ Шалдай филиалы Бірінші май орманшылығында, «Ертіс Орманы» Мемлекеттік орман табиғи резерваты ММ Бесқарағай  филиалы орманшылығында және Баянауыл Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінде қалың орман өрті болды. А.М. Карабалиннің жеке құрамға сауатты, епті басшылық етуі,  өртті сөндіру кезіндегі кәсіби әрекеттерінің және жеке ерлігінің арқасында тұрғын халықтың өмірі мен денсаулығына деген қауіптен, оттың үлкен аумақтарға жайылуынан және Қазақстан Республикасының аумағына орман өртінің ауысуынан сақталды.  

Бірнеше қалың өртті сөндіру және апаттық жағдайларының зардаптарын болдырмауда күштер мен құралдарды білікті маман ретінде бөлуде, бөлімшелердің жұмыстарын бірнеше мәрте басқарғаны үшін 2002 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы елшісі, Әлемдік Нобел премиясының лауреаты, Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Кофи Атта Аннанның медалімен марапатталды. Бұл көп жылғы адал, тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

2009 жылдан Төтенше жағдайлар органының құрметті зейнеткері. Бүгінгі күні құрметті демалысқа шықса да, еңбектен қол үзбей, өрт сөндіру қызметінде еңселі еңбек етуде. 2016 жылдан «KSP Steel» ЖШС, «Кастинг» ЖШС ПФ объектілерін күзету бойынша «TOTAL SECURITY ASTANA» өрт сөндіру авариялық-құтқару бөлімінің бастығы.

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар Ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі. Күні бүгінге дейін құрметті ардагер ретінде барлық өткізілетін іс-шараларға шақырылады, онда жас қызметкерлермен өзінің тәжірибесімен, білімімен бөліседі.

Алдаберген Мерекеұлы - адамы, адал жар, қамқор әке, қамқор ата. Қазіргі таңда немерелері Әбілмәнсүр мен Алуаны қызықтап, бағып отырған ардақты ата. Өмірлік жары Сара Баяхметқызы кезінде жеке кәсіпкер болған, ал кәзіргі таңда немерелерін бағып , сол отбасының берекесін ұстап отырған әже.

Оларда отбасының ұйытқысына айналған өрт сөндіруші мамандығы ағадан бауырға, әкеден балаға, нағашыдан жиенге дейін берілетін баға жетпес құнды мұраға айналғандай. Олай дейтініміз Алдаберген Мерекеұлының інісі Карабалин Шоқан Мерекеұлы ағасының жолын қуып, 2000 жылдан 2004 жылға дейін «Қазақстан Алюминийі» АҚ-да өрт сөндіруші болып, 2004 жылдан 2016 жылға дейін Павлодар облысының өрт сөндіру бөлімінде  аға жүргізуші болып қызмет атқарды, 2016 жылдан зейнеткер.

Сол сияқты қарындасы Касимова Аягөз Мерекеқызы да ағасының жолын қуып, 1997 жылдан өрт байланысы орталық пунктінің диспетчері, 2004 жылы Көкшетау техникалық институтын тәмамдап, өрт байланысы орталық пунктінің инженері, кейін жедел кезекші болып қызмет атқарды, шені азаматтық қорғау подполковнигі, 2019 жылдан зейнеткер.

Ұлы Карабалин Есенжол Алдабергенұлы әкесінің жолын қуып, осы мамандықты таңдаған. Қазір азаматтық қорғау органында қызмет атқаруда, шені подполковник. 2003 жылдан 2013 жылға дейін өрт-құтқару спортымен айналысты, спорт шебері, жаттықтырушы болды.

Жиендері де нағашысына еліктеп, жолын қуып келе жатқан жас офицерлер.

Жиені Теміров Асланбек Бауыржанұлы, мектепті аяқтағаннан кейін 1987 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсіп, 2009 жылы аяқтады. Қызмет жолын Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы лауазымынан бастап, қазіргі уақытта Қостанай облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, шені азаматтық қорғау подполковнигі (мерзімінен бұрын алған).

Қалтай Мейірхан Айдарұлы да нағашысының және анасының жолын қуып, мектепті тәмамдаған соң, 2018 жылы Мәлік Ғабдуллин атындағы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғау академиясына түсіп, 2022 жылы аяқтады. Қазір Павлодар облысының Павлодар ауданында ТЖ бөлімінің инженері лауазымында қызмет етіп жүр, шені азаматтық қорғау аға лейтенанты.

Міне, қоғамнан өз орнын ойып тұрып алған мұндай отбасылар өзгеге үлгі болары белгілі. Қиындығы мол осындай қызметте тек өзіндік дәстүрге берік отбасы  ғана атқарар жұмысқа деген жауапкершілікті сезіне алады.

«Береке кетпеген әулеттен мереке кетпейді» деген осы болар. Ең бастысы осындай жауапкершілігі мол мамандықты таңдаған жандар адал жар, ата, асыл ана, әже атанып, өз қызмттерін мінсіз атқарып, бір шаңырақтың отын жағып отыр.

Павлодар облысы

Төтенше жағдайлар департаменті

                                                                                                                              ардагерлер кеңесінің 

                         төрайымы   К.Асқарова