GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Департамент туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Қызметі
Онлайн қабылдау
Все материалы
23 октября 2026
Газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары іс жүзінде

Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МЭК) аумағында Маңғыстау облысы ТЖД газ-түтін қорғаушыларымен жоспарлы практикалық сабақтар өтті

         Жаттығулардың мақсаты - газ-түтіннен қорғау қызметі мамандарының адамдарды құтқару, өрттерді сөндіру және тыныс алуға жарамсыз ортада төтенше жағдайларды жою кезіндегі кәсіби дағдыларын жетілдіру.

         Жаттығу барысында өрт сөндірушілер жоғары температура, қою түтін және көріну мүмкіндігі шектеулі жағдайларда әрекет ету машықтарын шыңдады.

         Жаттығу басталар алдында өрт сөндірушілер сығылған ауамен жұмыс істейтін Dräger тыныс алу аппараттарының жарамдылығын тексерді.

         Одан кейін қатысушылар бейтаныс ғимарат ішінде, толық көрінбейтін жағдайда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуді пысықтады. Жаттығулар өрт сөндірушінің жауынгерлік киімімен, тыныс алу аппараттарымен, жарық беретін шамдармен және арнайы құрал-саймандармен толық жабдықталған күйде орындалды.

         Тапсырмалардың күрделілігі кезең-кезеңімен арттырылды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары тар өткелдерден өтіп, түрлі кедергілерді еңсерді, айналаны сипап бағдарлау арқылы қозғалды, баспалдақты құрылымдармен көтерілді. Сондай-ақ шартты түрде зардап шеккен адамды тауып, оны қауіпсіз жерге эвакуациялады.

         Мұндай жаттығулар өрт сөндірушілердің кәсіби шеберлігін арттыруға, командалық үйлесімділігін нығайтуға және күрделі жағдайларда жедел әрі дұрыс шешім қабылдауға дайындығын жетілдіруге мүмкіндік береді. Өйткені төтенше жағдай кезінде адамдардың өмірі құтқарушылардың шапшаңдығына, төзімділігіне және іс-қимылының дұрыстығына байланысты.

Маңғыстау облысы ТЖД

 

21 октября 2026
Қауіпсіздік өз үйіңнен басталады

Маңғыстау облысында жылыту маусымына орай ауқымды профилактикалық іс-шара өткізілді.

         Іс-шараға Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және еріктілер қатысты.

         Іс-шараның негізгі мақсаты - тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру, тұрмыстық өрттердің алдын алу және жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.

         Профилактикалық жұмыстар барысында тұрғындарға жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі қағидалары, газ жабдықтары мен жылыту құралдарын қауіпсіз пайдалану талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар өрттің алдын алу шаралары мен төтенше жағдай туындаған кездегі әрекеттер туралы ақпарат берілді.

         Төтенше жағдайлардың алдын алу — әрбір азаматтың жауапкершілігі. Қауіпсіздік талаптарын сақтап, өз өміріңіз бен жақындарыңыздың амандығына бейжай қарамаңыз!

Маңғыстау облысының ТЖД

21 октября 2026
Балалар көзімен әлем: құтқарушылар жас өнерпаздардың қонағында

«Школьник» орталығының аумағында жас суретшілер мен болашақ құтқарушылардың басын қосқан тағылымды іс-шара өтті. Оған № 8 «Ақжелкен» және № 55 «Тұмарым» бөбекжай-бақшаларының тәрбиеленушілері, «Школьник» орталығының жас құтқарушылары, сондай-ақ «Бастапқы техникалық модельдеу» үйірмесіне қатысатын балалар қатысты.

         Кездесу аясында «Мен құтқарушы боламын, үйретіңдер маған!» тақырыбындағы балалар суреттері байқауының қорытындысы шығарылды. «Қызыл көліктер жүйткіп келеді» атты жұмысымен бірінші орынға ие болған Виктор Сулема құтқарушылар туралы өлең оқып, жиналғандарды қуантты.

         Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері мен Төтенше жағдайларды жою басқармасының қызметкерлері болды. Олар балаларға арналған тақырыптық викторина ұйымдастырып, оның барысында бүлдіршіндер өрт қауіпсіздігі ережелері жөніндегі білімдерін тексеріп, қауіпті жағдайларда қалай әрекет ету керектігі туралы мағлұмат алды.

         Балалардың ерекше қызығушылығын өрт сөндіру техникасы оятты. Өрт сөндірушілер арнайы автокөлікпен келіп, оның жабдықтарымен таныстырды. Сондай-ақ балаларға өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығының қаншалықты күрделі, жауапты әрі ерлікке толы екенін әңгімеледі.

         Кездесу балалардың жүрекке жылу сыйлайтын тартуымен аяқталды. Алғыс пен ризашылықтың белгісі ретінде олар құтқарушыларға өздері салған суреттермен және алдыңғы іс-шаралардан түсірілген фотосуреттермен безендірілген 28 күнтізбе сыйлады. Әрбір күнтізбе балалардың қиялы, еңбегі мен шынайы ықыласы тоғысқан ерекше сыйлыққа айналды.

         Мұндай кездесулер балаларға жарқын әсер сыйлап қана қоймай, олардың бойында ерте жастан қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, құтқарушы мамандығына деген құрметті арттыруға және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндіруге ықпал етеді.

Маңғыстау облысы ТЖД

 

19 октября 2026
Ерлік, адалдық және ұрпақтар сабақтастығы: Маңғыстауда Құтқарушылар күні аталып өтті

 Облыстық филармонияның концерттік залында Құтқарушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

         Іс-шарада Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Рәтбек Қожахметұлы құттықтау сөз сөйлеп, жеке құрамды кәсіби мерекемен құттықтады. Ол құтқарушылар қызметінің маңыздылығын атап өтіп, олардың кәсібилігіне, батылдығына және өз ісіне адалдығына ерекше тоқталды.

         Салтанатты рәсім барысында жаңадан қызметке қабылданған қызметкерлерге алғашқы арнайы атақтар, ал жеке құрам қызметкерлеріне мерзімінен бұрын арнайы атақтар табысталды. Сонымен қатар қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген қызметкерлерге ҚР ТЖМ ведомстволық марапаттары мен Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Алғыс хатымен берілді.

         Іс-шара аясында азаматтық қорғау жүйесінің дамуына үлес қосып, ұзақ жылдар бойы адал қызмет еткен ардагерлер Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

         Мерекелік көңіл күйді облыстық филармония әртістерінің концерттік бағдарламасы толықтырып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.

         Құтқарушылар күні - адам өмірін құтқаруды басты мұрат еткен, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілетін құрметтің белгісі. Бұл мереке сондай-ақ қызметтік борышына адалдық пен ұрпақтар сабақтастығының маңызын айқындайды.

Маңғыстау облысы ТЖД

 

Кадр саясаты
19 октября 2026
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік марапаттар тапсырды

  Мемлекет басшысы салтанатты жиынға қатысушыларды Құтқарушы күнімен құттықтап, төтенше жағдай саласының қызметшілеріне ризашылығын білдірді.

  – «Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. «Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға. Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды, – деді Президент.

  Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай саласының қызметшілері ешқандай қауіп-қатерден тайсалмайтын, сын-сағатта жедел шешім қабылдай алатын, арнайы даярлықтан өткен нағыз кәсіби мамандар деп есептейтінін айтты.

  – Құтқарушылардың еңбегі қашанда еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Төтенше жағдайға түскен адамдарға жәрдем беріп, оларды қиындықтан құтқару үшін қажымай қызмет етесіздер. Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін, өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын, – деді Президент.

  Мемлекет басшысы қазір еліміз түбегейлі жаңғыру мен өзгеріс жолына нық сеніммен қадам басқанын атап өтіп, қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылғанына тоқталды.

  – Еліміздің басты мақсаты да, міндеттері де – айқын. Біз біртұтас қоғам болып заң мен тәртіп үстемдік құратын, ынтымағы мықты, бірлігі бекем, Әділетті, Озық, Күшті және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Жалпы халық қолдаған жаңа Конституциямыз 1 шілде күні заңды күшіне енді. Бұл – бүкіл еліміз үшін тарихи оқиға. Конституциямызға көптеген ел зор ықыласпен назар аударды. Өйткені Конституция жарқын болашаққа жол ашатын қастерлі құжатымыз, ұлтымыздың темірқазығы ретінде заман талабына сай мүлде жаңа сипатқа ие болды. Конституцияда адам және оның өмірі ең жоғары құндылық екені айқын жазылды. Азаматтық қорғаныс саласының әр қызметкері адам өмірін қорғап, Конституциямыздың осы мызғымас құндылығын сақтауға зор үлес қосуда. Сондықтан еліміздің барша құтқарушыларын қауіпсіз Қазақстанның мызғымас тірегі десек, артық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  Президенттің айтуынша, ұлтымыздың болашағына тікелей әсер ететін осындай іргелі өзгерістердің арқасында мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңғырды.

  – Елімізде бір палаталы Құрылтай жұмыс істей бастады. Конституциялық мәртебесі бар ең жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі де өз жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің реформасы жүргізілді. Таяу арада барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Қазіргі таңда менің тапсырмаммен еліміздің Қарулы күштерін реформалау, жаңа үлгідегі әскер жасақтау жұмысы басталды. Қазақстанның армиясы қазіргі заманның әскери талабына сай, басқа сөзбен айтқанда, әрбір қауіп-қатерге тойтарыс беруге дайын озық, мықты қарулы күш болуға тиіс. Себебі Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін көздің қарашығындай қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мемлекетіміздің стратегиялық міндеті саналады, – деді Мемлекет басшысы.

  Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс саласын дамыту үшін озық технологияларды енгізу және материалдық-техникалық әлеуетті нығайту маңызды екеніне назар аударды.

  – Кейінгі бес жылда құтқарушыларымыз 75 мыңнан астам жедел шақырту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті. Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде бұл салаға қойылатын талап түбегейлі өзгеруде. Ең басты міндет – апаттың алдын алу. Сондықтан осы салаға озық технологияны және жасанды интеллектіні енгізу аса маңызды. Құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да – өзекті мәселе қатарында. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Соңғы үш жылда 3 мыңдай техника, соның ішінде жаңа ұшақтар мен тікұшақтар, сан алуан қызмет көрсетуге арналған кемелер сатып алынды. 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Төтенше жағдайлар министрлігінің осыдан екі жыл бұрын құрылған ахуалдық орталығы азаматтық қорғаныс жүйесін басқаруға арналған маңызды құрылымға айналды. Соның арқасында тұрақты бақылау, қауіп-қатерді алдын ала болжау, жедел шешім қабылдау жұмысы оң нәтиже бере бастады, – деді Президент.

  Мемлекет басшысы өндіріс орындарындағы, кеніштердегі, сондай-ақ шалғай елді мекендердегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып жатқанын тілге тиек етті.

  – Құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін өндірістік қауіпсіздік саласына цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шалғай елді мекендердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта «Ауыл құтқарушылары» бастамасы қолға алынды. Жоба аясында кейінгі екі жылда 300-ге тарта өрт сөндіру бекеті құрылды. Нәтижесінде 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылды. Осы игі тәжірибені бүкіл ел аумағында кеңінен қолдану қажет. Тағы бір маңызды мәселе. Мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуге тиіс. Азаматтық қорғаныс саласы мамандарын заман талабына сай техникамен, қажетті қорғаныс құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Құтқарушылардың кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге олардың мейлінше қауіпсіз жағдайда еңбек етуін қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі де – өте өзекті міндеттер, Үкімет осы міндеттерге назар аударуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  Президент қазіргі кезде құтқарушылар жағдайды сараптай білуі, батыл болуы, жедел шешім қабылдап, кез келген қолайсыз ахуалдан жол табуы қажет деп санайды.

  – Денені шыңдаумен бірге заманауи технологиялардың тілін білген жөн. Мәселен, ұшқышсыз аппараттардың және автоматтандырылған жүйелердің кеңінен қолданыла бастауы арнайы білім мен құзыретті талап етеді. Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясы төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жаңа буынын даярлауда негізгі рөл атқарады. Бұл – тұтас саланың ұстаханасы саналатын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны. Академия уақыт талабына сай әлемдегі үздік тәжірибелерді қолданып, күрделі құтқару операцияларын зерделеуі керек. Сонымен қатар қазақстандық құтқарушылар мектебінің озық дәстүрлерін нығайта отырып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау қажет. Біздің азаматтық қорғау органдары төтенше жағдаймен күресте елімізде де, одан тысқары жерлерде де кәсібилігімен көзге түсіп жүр, – деді Мемлекет басшысы.

  Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өз азаматтарына қай жерде болса да көмек қолын созатынын еске салды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қағидаттар Конституциямызда көрініс тапқан. Ата заңымызда ең алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтау, оның құқығын қорғау ең жоғары құндылықтар ретінде қарастырылады. Осы орайда Президент қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын алға тартып, бейқамдық пен салғырттықты кез келген қоғамды артқа тартатын қасиеттер ретінде атады.

  – Дегенмен апатқа көбіне адамдардың өзі себеп болатынын мойындау керек. Егер әркім өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындаса, апаттардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтауға болар еді. Кейбіреулердің немқұрайдылығы мен салғырттығының салдары тым қымбатқа түседі. Қоғам қауіпсіздігі әр жанның ішкі тәртібіне байланысты қалыптасады. Сондықтан ежелден адам бойындағы жинақылық, тәртіптілік пен жауапкершілік секілді қасиеттер жоғары бағаланады. Тиянақты, ұқыпты, жауапкершілігі жоғары азаматтар – өркениетті және қауіпсіз қоғамның арқауы. Біз озық ойлы ұлт боламыз десек, өскелең ұрпаққа заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау құндылықтарын аманат етуіміз керек. Бұл қасиеттер қоғамдағы жаңа этиканың айнымас өлшемі болуға тиіс. Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды. Мұны жауапкершілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ерен ерлік жасап жүрген азаматтарымыз нақты ісімен дәлелдеп жүр. Мемлекет осындай адамдарды ешқашан назардан тыс қалдырмайды, оларға лайықты құрмет көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

  Президент сала мамандары өздеріне жүктелген міндетті адал атқарып, әрдайым ел игілігі үшін қызмет етіп келе жатқанын айтты.

  – Жұртымыз құтқарушылардың қажырлы еңбегіне қашанда орасан зор құрметпен қарайды, сіздерді жоғары бағалайды. Бүгін біздің ортамызда ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар да отыр. Бұл шын мәнінде әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және отаншыл адамдарға тән әрекет екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

  Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.

  Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін мына азаматтар марапатталды:

  ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен

Базарбаев Қуанар Бекенұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы

Күлдіков Марат Мұхаметқалиұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы;

  Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен

Данияр Анри – Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары

Цуркан Алексей Викторович – «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы» ММ бөлімінің бастығы, Ақмола облысы;

  «Құрмет» орденімен

Дзауров Тимирлан Мусаевич – «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС бас директоры, Алматы қаласы

Есмаханов Ерік Мейрамбекұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі департаменті директорының орынбасары

Нарзиева Елена Александровна – Төтенше жағдайлар министрлігі Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы;

  «Ерлігі үшін» медалімен

Байдекенов Дархан Азаматұлы – «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Барыс» республикалық құтқару қызметі» РММ бас құтқарушысы

Жалғасов Нұрсұлтан Қойшыбайұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы

Рысбаев Дархан Әсемқұлұлы – «Алматы қаласы Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» МКК құтқарушысы

Чеботкин Александр Петрович – «Бурундайавиа» Авиакомпаниясы» АҚ әуе кемесінің командирі, Алматы қаласы;

  «Ерен еңбегі үшін» медалімен

Аралбаев Әбдіхамит – «Оңталап» ШҚ директоры, Қызылорда облысы

Ибрагимов Жанат – «Ағайынды» ШҚ директоры, Абай облысы.

2026 жылғы 19 қазан

https://www.akorda.kz/kz/prezident-kasym-zhomart-tokaev-kutkarushylarga-memlekettik-marapattar-tapsyrdy-1993819

https://www.akorda.kz/kz/prezident-kutkaru-salasy-kyzmetkerlerin-memlekettik-nagradalarmen-marapattady-1994010

 

16 октября 2026
Антқа адалдық – Отанға қызмет

Ақтау қаласында жас өрт сөндіруші-құтқарушылардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өтті. Іс-шара 19 қазанда атап өтілетін Құтқарушы күніне орай ұйымдастырылды.

         Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеруден және Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Он тоғыз жас қызметкер халыққа адал қызмет етуге, қызметтік міндеттерін абыроймен атқаруға, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға ант берді.

         Жас қызметкерлерге құттықтау сөзін Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Рәтбек Демеуберген арнады. Ол жас мамандардың білікті, тәртіпті әрі бастамашыл қызметкерлер болып қалыптасатынына, өрт сөндіру-құтқару қызметінің дәстүрлерін лайықты жалғастырып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Маңғыстау облысы ТЖД

 

16 октября 2026
Рөлдегі шеберлік: Маңғыстауда үздік өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі анықталды

«Оймаша» полигонында 25744 әскери бөлімінің аумағында «Жылдам маневр жасау бойынша үздік жүргізуші» байқауы өтті.

         Іс-шара өрт сөндіру автомобильдерін басқару дағдыларын жетілдіруге және жүргізушілердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталды.

         Байқауға өрт сөндіру автомобильдерінің 14 жүргізушісі қатысты. Жарыс барысында екі негізгі автомобиль пайдаланылды.

         Қатысушылар бірнеше күрделі кезеңнен өтті. Олардың қатарында гараждан шығу, алға және артқа қарай «ирек» жолмен жүру, гаражға кіру және одан шығу, сондай-ақ арнайы жолақпен жүру кезеңдері болды. Әр кезең жүргізушілерден жоғары дәлдікті, көлікті сенімді басқаруды және кәсіби дайындықты талап етті.

         Байқау қорытындысы бойынша Бейнеу ауылын қорғау жөніндегі № 6 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автомобилінің жүргізушісі, азаматтық қорғау аға сержанты Ерғазы Алдамжаров бірінші орынды иеленді.

         Ерғазы 2023 жылы № 6 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру автомобилінің жүргізушісі болып қызметке кірісті. Содан бері ол кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіріп, өз шеберлігін іс жүзінде дәлелдеп келеді.

Маңғыстау облысының ТЖД

15 октября 2026
Биіктік белесінде: маңғыстаулық газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары төзімділіктерін сынады

Маңғыстау облысының өрт сөндірушілері кәсіби шеберлігі мен төзімділігін сынап, өрт сөндірушінің жауынгерлік киімімен және тыныс алу органдарын жеке қорғау құралдарын пайдалана отырып, 25-қабатқа жылдам көтерілу нормативін орындады.

         Жарысқа облыстың өрт сөндіру бөлімшелерінен газ-түтіннен қорғау қызметінің 13 командасы қатысты.

         Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Ақтау қаласындағы ТЖБ № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орын Мұнайлы ауданының ТЖБ № 12 өрт сөндіру бөліміне бұйырса, үшінші орынды Маңғыстау ауданының ТЖБ № 8 өрт сөндіру бөлімінің командасы иеленді.

         Жарыстың мақсаты - үздіктерді анықтап қана қоймай, газ-түтіннен қорғау қызметінің беделін арттыру, жеке құрамның тұрақты жаттығуға деген ынтасын нығайту және түтін басқан, оттегі жетіспейтін ортада міндеттерді орындауға қажетті кәсіби дағдыларын жетілдіру.

 Жеңімпаздарды құттықтаймыз!

Маңғыстау облысының ТЖД

14 октября 2026
Қауіпсіздік тәрбиесі бала кезден басталады

Құтқарушылар күні қарсаңында Ақтау қаласындағы № 7 мамандандырылған IT-лицейдің 3 «Д» және 4 «В» сынып оқушылары ата-аналарымен бірге № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі мен Азаматтық қорғау музейіне экскурсияға барды. Сонымен қатар «Өркен» мектебінің 4-сынып оқушылары № 13 өрт сөндіру бөлімінде болды.

         Экскурсия барысында оқушылар өрт сөндірушілердің күрделі әрі жауапты қызметімен танысып, өрт сөндіру техникасын, құтқару құрал-жабдықтарын және өрт сөндірушілердің арнайы киімдерін көрді. Балаларға өрт кезіндегі және өрт шыққан жердің маңындағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Сондай-ақ төтенше жағдай туындаған кезде қалай әрекет ету керектігі және өрт туралы қандай телефон нөмірлеріне хабарлау қажеттігі ескертілді. Оқушылар өрт сөндірушілердің күнделікті қызметі мен тыныс-тіршілігі туралы да мағлұмат алды.

         Балалар өрт сөндіру қызметінің тарихы, өрт сөндірушілердің кәсіби міндеттері, өртті сөндіру және адамдарды құтқару жұмыстары туралы көптеген сұрақ қойды. Әсіресе өрт сөндірушінің каскасын киіп көру балаларға ерекше қызық болды.

         Экскурсияның ең әсерлі сәттерінің бірі - нағыз өрт сөндіру көлігінің кабинасына отырып көру мүмкіндігі. Балалар бұл мүмкіндікті қуана пайдаланып, естелік суреттерге түсті.

         Экскурсиялар достық әрі жылы атмосферада өтіп, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Оқушылар қауіпсіздікке қатысты көптеген пайдалы мәлімет алып, өрт сөндірушілердің еңбегімен жақынырақ танысты. Бәлкім, олардың кейбірінің жүрегінде болашақта батыл, жауапты әрі адамдарға көмектесуге әрдайым дайын құтқарушы болсам деген арман ұялаған шығар. Қауіпсіздік мәдениетін бала кезден қалыптастыру - әрбір баланың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам.

 Маңғыстау облысы ТЖД

13 октября 2026
Құтқарушылар күні қарсаңында өрт сөндірушілер арасында футбол турнирі өтті

Маңғыстау облысында Құтқарушылар күні қарсаңында Төтенше жағдайлар департаментінің 11 командасы қатысқан футбол турнирі өтті.

         Жарысқа қатысушылар өздерінің жақсы дене дайындығын, жеңіске деген жігерін және спорттық шеберлігін көрсетті. Ойындар тартысты өтіп, командалар жүлделі орындар үшін бақ сынады.

         Жарыс қорытындысы бойынша Жаңаөзен қаласы Төтенше жағдайлар бөлімінің № 3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командасы бірінші орынды иеленді.

         Турнирдің мақсаты - құтқарушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, командалық рухты нығайту, өзара көмек пен ұйымшылдықты дамыту.

         Жеңімпаз команданы лайықты жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарда толағай табыстар тілейміз!

Маңғыстау облысы ТЖД

 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы