Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті Көлік прокуратурасымен бірлесіп, шағын көлемді кемелерді пайдалану мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті шағын көлемді кемелерге мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізу кезінде туындайтын проблемалық мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органның, көлік прокуратурасының және көліктік бақылау инспекциясының қызметкерімен бірлесіп жиналыс өткізді.
Жиналыс барысында заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтау, шағын көлемді кемелердің құжаттары мен нақты техникалық сипаттамаларын тиісінше тексеру, сондай-ақ бұзушылықтар анықталған жағдайда заңнамада көзделген ден қою шараларын қабылдау мәселелері талқыланды.
2026–2027 жылдардағы жылыту маусымы кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті әкімдікпен және мүдделі мекемелермен бірлесіп, профилактикалық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруда.
Жоспар аясында Қызылорда қаласына қарасты Талсуат елді мекенінің белсенді тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары, жылыту пештерін дұрыс пайдалану, газ жабдықтарын қауіпсіз қолдану және улы газдан қорғану шаралары түсіндірілді. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.
Біздің басты мақсатымыз – төтенше жағдайлардың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және адам өмірін сақтау.
Күзгі кезеңде табиғи өрттердің туындау қаупі сақталады. Құрғақ өсімдіктер мен қатты жел өрттің тез таралуына ықпал етуі мүмкін.
Табиғи өрттердің алдын алу және оларды сөндіру үшін ТЖМ бөлімшелері, орман мекемелері, жергілікті атқарушы органдар мен ерікті өртке қарсы құралымдар жұмылдырылады. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын, авиациялық және жерүсті патрульдерін, ғарыштық мониторингті, бейнебақылау және өртті ерте анықтау жүйелерін пайдалана отырып, тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Орман және табиғат қорғау мекемелерімен бірлесіп рейдтер мен патрульдеу жұмыстары ұйымдастырылып, жедел ақпарат алмасу, күштер мен құралдарды тарту жүзеге асырылады.
Өрт қаупі жоғары кезеңде қураған шөпті, өсімдік қалдықтары мен қоқысты өртеуге жол берілмейді. Орман және дала алқаптарында от жақпаңыз, сөндірілмеген темекі тұқылдары мен сіріңкелерді тастамаңыз. Өрт анықталған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарлау қажет.
Күзде құрғақ өсімдіктер тез тұтанады. Жел күшейген кезде шағын оттың өзі үлкен аумаққа жылдам таралып, тұрғын үйлерге, техникаға, электр беру желілеріне және табиғи аумақтарға қауіп төндіруі мүмкін.
Шағын өрт қалай таралады? Құрғақ шөп тұтанғаннан кейін желдің жылдамдығы мен бағыты жалынның таралу қарқынына әсер етеді. Ұшқындар алысқа ұшып, өрттің жаңа ошақтарын тудыруы мүмкін. Сондықтан шөптің аз ғана жануын да елемеуге болмайды.
Өртті байқасаңыз не істеу керек? Егер жалын тез таралып жатса, оған жақындамаңыз және өз бетіңізше сөндіруге әрекет жасамаңыз. Қауіпсіз жерге барып, 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарлаңыз. Қоңырау шалған кезде өрттің нақты орнын, ненің жанып жатқанын, шамамен қандай аумақты қамтығанын, сондай-ақ жақын маңда адамдардың, ғимараттардың немесе техниканың бар-жоғын хабарлаңыз.
Өрт қаупі жоғары кезең әлі аяқталған жоқ! Отпен жұмыс істегенде барынша сақ болыңыз!
19 қазан – Құтқарушылар күніне орай Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қызылорда облысының кәсіпкері, «Оңталап» шаруа қожалығының директоры Әбдіхамит Аралбаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Әбдіхамит Аралбаев ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып келеді.
Оның қолдауымен 2026 жылғы 7 қыркүйекте Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылында заманауи «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеті салынып, пайдалануға берілді.
Жаңа бекет Ақтөбе, III Интернационал және Дүр Оңғар ауылдарындағы 7 мыңнан астам тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, кәсіпкер ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға, елді мекендерді абаттандыруға және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға тұрақты қолдау көрсетіп келеді.
Бұл марапат – ел игілігі жолындағы еңбегі мен халық қауіпсіздігіне қосқан үлесінің жоғары бағалануы.
Әбдіхамит Аралбаевты мемлекеттік наградасымен шын жүректен құттықтаймыз!
19 қазан – Құтқарушылар күніне орай Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері, азаматтық қорғау аға сержанты Нұрсұлтан Қойшыбайұлы Жалғасов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Нұрсұлтан Жалғасов 2017 жылдан бері азаматтық қорғау органдарында қызмет атқарып келеді.
2026 жылғы 7 қыркүйекте Қызылорда қаласындағы «Kyzylorda refinery» ЖШС аумағында болған ірі өртті сөндіру кезінде ерекше батылдық пен кәсіби шеберлік танытты.
Ол өрттің қауіпті аймақта таралуына жол бермеу мақсатында мұнай резервуарларын салқындату және тиісті вентильдерді жабу жұмыстарына қатысып, резервуарлардың жану және жарылу қаупінің алдын алуға үлес қосты.
Бұл мемлекеттік награда – құтқарушының батылдығы мен жауапкершілігіне берілген жоғары баға.
Ерлік пен елге адал қызметтің жарқын үлгісін көрсеткен әріптесімізді марапатымен құттықтаймыз!
Қазақстан өңірлерінде өскелең ұрпақ арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Қарағанды қаласы мен Қызылорда облысында «Жас құтқарушы» мамандандырылған сыныптары ашылды. Онда оқушылар тіршілік қауіпсіздігінің негіздерін меңгеріп, құтқарушы мамандығымен танысады.
Қарағанды қаласындағы № 4 жалпы білім беретін мектепте «Жас құтқарушы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сегізінші сыныптың 15 оқушысы ант қабылдады. Оқу кабинеті заманауи жиһазбен, LED-экранмен, кеңсе техникасымен, көрнекі оқу құралдарымен, альпинистік және құтқару жабдықтарымен, медициналық аспаптармен және өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған. Іс-шара аясында арнайы техника мен жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылып, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға арналған шеберлік сабақтары өткізілді.
Қызылорда облысы Арал ауданының № 292 орта мектебінде тағы бір «Жас құтқарушы» сыныбы ашылды. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың қауіпсіздік саласындағы білімін арттыру, өрт және басқа да төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет етуді үйрету, сондай-ақ құтқарушы мамандығына деген қызығушылығын қалыптастыру. Оқушылар өрт қауіпсіздігі қағидаларын, алғашқы медициналық көмек көрсету негіздерін және қауіпсіз мінез-құлық ережелерін меңгеріп, алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекітеді.
Жаңа сыныптарда оқушылар теориялық білім алып қана қоймай, мамандардың жетекшілігімен практикалық дағдыларды меңгеріп, құтқару бөлімшелерінің жұмысымен танысады және кәсіби мамандардың тәжірибесін үйренеді. «Жас құтқарушы» сыныптарының ашылуы – жауапкершілігі жоғары, өмірдің түрлі жағдайларына дайын ұрпақ тәрбиелеудегі маңызды қадам. Мұндай бастамалар патриотизмді дамытуға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және жастар арасында құтқарушы мамандығын насихаттауға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы салтанатты жиынға қатысушыларды Құтқарушы күнімен құттықтап, төтенше жағдай саласының қызметшілеріне ризашылығын білдірді.
– «Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. «Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға. Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай саласының қызметшілері ешқандай қауіп-қатерден тайсалмайтын, сын-сағатта жедел шешім қабылдай алатын, арнайы даярлықтан өткен нағыз кәсіби мамандар деп есептейтінін айтты.
– Құтқарушылардың еңбегі қашанда еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Төтенше жағдайға түскен адамдарға жәрдем беріп, оларды қиындықтан құтқару үшін қажымай қызмет етесіздер. Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін, өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазір еліміз түбегейлі жаңғыру мен өзгеріс жолына нық сеніммен қадам басқанын атап өтіп, қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылғанына тоқталды.
– Еліміздің басты мақсаты да, міндеттері де – айқын. Біз біртұтас қоғам болып заң мен тәртіп үстемдік құратын, ынтымағы мықты, бірлігі бекем, Әділетті, Озық, Күшті және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Жалпы халық қолдаған жаңа Конституциямыз 1 шілде күні заңды күшіне енді. Бұл – бүкіл еліміз үшін тарихи оқиға. Конституциямызға көптеген ел зор ықыласпен назар аударды. Өйткені Конституция жарқын болашаққа жол ашатын қастерлі құжатымыз, ұлтымыздың темірқазығы ретінде заман талабына сай мүлде жаңа сипатқа ие болды. Конституцияда адам және оның өмірі ең жоғары құндылық екені айқын жазылды. Азаматтық қорғаныс саласының әр қызметкері адам өмірін қорғап, Конституциямыздың осы мызғымас құндылығын сақтауға зор үлес қосуда. Сондықтан еліміздің барша құтқарушыларын қауіпсіз Қазақстанның мызғымас тірегі десек, артық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, ұлтымыздың болашағына тікелей әсер ететін осындай іргелі өзгерістердің арқасында мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңғырды.
– Елімізде бір палаталы Құрылтай жұмыс істей бастады. Конституциялық мәртебесі бар ең жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі де өз жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің реформасы жүргізілді. Таяу арада барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Қазіргі таңда менің тапсырмаммен еліміздің Қарулы күштерін реформалау, жаңа үлгідегі әскер жасақтау жұмысы басталды. Қазақстанның армиясы қазіргі заманның әскери талабына сай, басқа сөзбен айтқанда, әрбір қауіп-қатерге тойтарыс беруге дайын озық, мықты қарулы күш болуға тиіс. Себебі Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін көздің қарашығындай қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мемлекетіміздің стратегиялық міндеті саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс саласын дамыту үшін озық технологияларды енгізу және материалдық-техникалық әлеуетті нығайту маңызды екеніне назар аударды.
– Кейінгі бес жылда құтқарушыларымыз 75 мыңнан астам жедел шақырту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті. Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде бұл салаға қойылатын талап түбегейлі өзгеруде. Ең басты міндет – апаттың алдын алу. Сондықтан осы салаға озық технологияны және жасанды интеллектіні енгізу аса маңызды. Құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да – өзекті мәселе қатарында. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Соңғы үш жылда 3 мыңдай техника, соның ішінде жаңа ұшақтар мен тікұшақтар, сан алуан қызмет көрсетуге арналған кемелер сатып алынды. 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Төтенше жағдайлар министрлігінің осыдан екі жыл бұрын құрылған ахуалдық орталығы азаматтық қорғаныс жүйесін басқаруға арналған маңызды құрылымға айналды. Соның арқасында тұрақты бақылау, қауіп-қатерді алдын ала болжау, жедел шешім қабылдау жұмысы оң нәтиже бере бастады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өндіріс орындарындағы, кеніштердегі, сондай-ақ шалғай елді мекендердегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып жатқанын тілге тиек етті.
– Құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін өндірістік қауіпсіздік саласына цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шалғай елді мекендердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта «Ауыл құтқарушылары» бастамасы қолға алынды. Жоба аясында кейінгі екі жылда 300-ге тарта өрт сөндіру бекеті құрылды. Нәтижесінде 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылды. Осы игі тәжірибені бүкіл ел аумағында кеңінен қолдану қажет. Тағы бір маңызды мәселе. Мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуге тиіс. Азаматтық қорғаныс саласы мамандарын заман талабына сай техникамен, қажетті қорғаныс құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Құтқарушылардың кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге олардың мейлінше қауіпсіз жағдайда еңбек етуін қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі де – өте өзекті міндеттер, Үкімет осы міндеттерге назар аударуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазіргі кезде құтқарушылар жағдайды сараптай білуі, батыл болуы, жедел шешім қабылдап, кез келген қолайсыз ахуалдан жол табуы қажет деп санайды.
– Денені шыңдаумен бірге заманауи технологиялардың тілін білген жөн. Мәселен, ұшқышсыз аппараттардың және автоматтандырылған жүйелердің кеңінен қолданыла бастауы арнайы білім мен құзыретті талап етеді. Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясы төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жаңа буынын даярлауда негізгі рөл атқарады. Бұл – тұтас саланың ұстаханасы саналатын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны. Академия уақыт талабына сай әлемдегі үздік тәжірибелерді қолданып, күрделі құтқару операцияларын зерделеуі керек. Сонымен қатар қазақстандық құтқарушылар мектебінің озық дәстүрлерін нығайта отырып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау қажет. Біздің азаматтық қорғау органдары төтенше жағдаймен күресте елімізде де, одан тысқары жерлерде де кәсібилігімен көзге түсіп жүр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өз азаматтарына қай жерде болса да көмек қолын созатынын еске салды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қағидаттар Конституциямызда көрініс тапқан. Ата заңымызда ең алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтау, оның құқығын қорғау ең жоғары құндылықтар ретінде қарастырылады. Осы орайда Президент қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын алға тартып, бейқамдық пен салғырттықты кез келген қоғамды артқа тартатын қасиеттер ретінде атады.
– Дегенмен апатқа көбіне адамдардың өзі себеп болатынын мойындау керек. Егер әркім өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындаса, апаттардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтауға болар еді. Кейбіреулердің немқұрайдылығы мен салғырттығының салдары тым қымбатқа түседі. Қоғам қауіпсіздігі әр жанның ішкі тәртібіне байланысты қалыптасады. Сондықтан ежелден адам бойындағы жинақылық, тәртіптілік пен жауапкершілік секілді қасиеттер жоғары бағаланады. Тиянақты, ұқыпты, жауапкершілігі жоғары азаматтар – өркениетті және қауіпсіз қоғамның арқауы. Біз озық ойлы ұлт боламыз десек, өскелең ұрпаққа заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау құндылықтарын аманат етуіміз керек. Бұл қасиеттер қоғамдағы жаңа этиканың айнымас өлшемі болуға тиіс. Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды. Мұны жауапкершілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ерен ерлік жасап жүрген азаматтарымыз нақты ісімен дәлелдеп жүр. Мемлекет осындай адамдарды ешқашан назардан тыс қалдырмайды, оларға лайықты құрмет көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сала мамандары өздеріне жүктелген міндетті адал атқарып, әрдайым ел игілігі үшін қызмет етіп келе жатқанын айтты.
– Жұртымыз құтқарушылардың қажырлы еңбегіне қашанда орасан зор құрметпен қарайды, сіздерді жоғары бағалайды. Бүгін біздің ортамызда ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар да отыр. Бұл шын мәнінде әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және отаншыл адамдарға тән әрекет екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.
Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін мына азаматтар марапатталды:
ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен
Базарбаев Қуанар Бекенұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы
Күлдіков Марат Мұхаметқалиұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы;
Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен
Данияр Анри – Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары
Цуркан Алексей Викторович – «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы» ММ бөлімінің бастығы, Ақмола облысы;
«Құрмет» орденімен
Дзауров Тимирлан Мусаевич – «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС бас директоры, Алматы қаласы
Есмаханов Ерік Мейрамбекұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі департаменті директорының орынбасары
Нарзиева Елена Александровна – Төтенше жағдайлар министрлігі Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы;
«Ерлігі үшін» медалімен
Байдекенов Дархан Азаматұлы – «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Барыс» республикалық құтқару қызметі» РММ бас құтқарушысы
Жалғасов Нұрсұлтан Қойшыбайұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы
Рысбаев Дархан Әсемқұлұлы – «Алматы қаласы Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» МКК құтқарушысы
Чеботкин Александр Петрович – «Бурундайавиа» Авиакомпаниясы» АҚ әуе кемесінің командирі, Алматы қаласы;
«Ерен еңбегі үшін» медалімен
Аралбаев Әбдіхамит – «Оңталап» ШҚ директоры, Қызылорда облысы
Ибрагимов Жанат – «Ағайынды» ШҚ директоры, Абай облысы.
2026 жылғы 19 қазан Құтқарушылар күніне орай өрт-құтқару спорты бойынша жарыс өткізілді.
Жарысқа департаменттін барлық өрт сөндіру бөлімдерінен 14 команда, 128 спортшы бақ сынады.
Жарыс барысында қатысушылар шабуыл сатысымен оқу мұнарасына 4 қабатына көтерілу, жылжымалы сатымен көтерілу, 100 метрлік кедергілер жолағымен жүгіру және жауынгерлік қанат жаю бойынша өзара мықтыны анықтады.
Шабуыл сатысымен оқу мұнарасының 4-қабатына көтерілу
Жарыстың барлық кезеңдерінің қорытындысы бойынша командалардың жинаған нәтижелері сараланып, жалпы командалық есепте үздіктер анықталды.
І орын – Арал ауданы ТЖБ №3 МӨСБ
ІІ орын – Қызылорда қаласы ТЖБ №1 МӨСБ
ІІІ орын – Қармақшы ауданы ТЖБ №8 ӨСБ
Өрттің алдын алу, улы газдардан улануды болдырмау мақсатында арнайы жабдықтар сатып алынды.
Қармақшы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындардың өрт қауіпсіздігін арттыру бағытында жұмыс жүргізді. Аудандық бюджет есебінен әлеуметтік осал отбасылардың тұрғын үйлеріне көміртек тотығын анықтайтын және өрт туралы хабар беретін 150 датчик сатып алынып, орнатылды. Сонымен қатар демеушілік қаражат есебінен мұржаларды тазалауға арналған арнайы құрылғы сатып алынып, аудандық Төтенше жағдайлар бөліміне пайдалануға берілді. Қабылданған шаралар жылыту кезеңінде өрт пен көміртек тотығынан улану жағдайларының алдын алуға бағытталған.
"Автомобиль жолдар басқарамасы" ЖШС-не тексеру жүргізді.
Жоспарлы тексеру барысында, “Өгізмүйіз-1,2”, “Шақия”карьерлері, жүк көтергіш механизмдер, қысыммен жұмыс жасайтын ыдыстар, авто жанармай құю станциясы т. б объектілер тексерілді.
Жоспарлы тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын басшыларымен және инженерлік-техникалық қызметкерлер құрамымен анықталған бұзушылықтар талқыланып, қосымша қажеттілік туындаған жағдайда, бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту талаптары түсіндірілді.
Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық актілер заңнама талаптары жайлы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.