Қызылорда облысында шомылуға тыйым салынған аймақтарда 286 қауіпсіздік белгісі орнатылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде 2021 жылғы 23 шілдеде өткен брифингте Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары полковник Саид Молдақараев мәлімдеді.
Сонымен бірге ол қауіпсіздік ережелерін сақтамайтын адамдардың саны артуда екендігін, кей жағдайда тіпті қайғылы жағдаймен аяқталуда екендігін атап өтті. Жыл басынан бері су айдындарында 33 оқиға тіркеліп, 38 адам қаза тапты. Оның ішінде 20-сы бала.
Шомылу маусымы кезінде өңір халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтер мен патрульдер ұйымдастырылуда. Облыстың су айдындарында 669 рет рейд жүргізілді. 7022 адамға судағы қауіпсіздік шаралары түсіндіріліп, жадынама парақшалары таратылды. Бүгінгі күні қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішкен 176 адам жауапкершілікке тартылды. Тыйым салынған жерлерде шомылу ережелерін бұзғаны үшін 63 адамға ескерту жасалды.
Облыс тұрғындарынан балаларды су айдыны жағасында қараусыз қалдырмауды, сонымен бірге су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауларыңызды сұраймыз.
Қызылорда облысы ТЖД