Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтікізілді.
Тақырыбы: Өрт қауіпсіздігі, «Газ баллон» акциясының қорытындысы туралы.
Спикер: Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Дастенов Арман Мамайұлы.
А.Дастенов: «Жыл басынан бастап облыс аумағында 432 өрт тіркелді. Өрттің салдарынан 6 адам қаза болды, 10 адам жарақат алды. Жылу беру маусымы басталғалы тұрғын секторларда 34 өрт оқиғасы орын алды. Орын алып жатқан жағдайлардың көпшілігі тұрғындардың өрт қауіпсіздігі шараларына салғырт қарауынан, тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен, электр желілерінің қысқаша тұйықталуынан болған.
Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдармен, полиция өкілдерімен, қоғамдық бірлестіктердің волонтёрлерімен бірлесіп, жылу беру маусымы кезеңінде өрттің алдын алу, адамдардың қаза болуы мен жарақат алу қауіп-қатерін болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыстар атқарылуда.
Бүгінге дейін 74 463 тұрғын үй секторының ауласы араланды. Тұрғындармен 200 рет кездесу ұйымдастырылып, соның ішінде электр және газ баллон жабдықтарын, пешті және газ пештерін орнату, қолдану туралы өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау жөнінде түсіндірілді.
Ағымдағы жылдың 1-5 желтоқсаны аралығында облыста Полиция департаментімен бірлескен «Газ баллон» акциясы ұйымдастырылып, газбен жабдықталған автокөліктердің иелеріне, газ құю бекеттерінің өкілдеріне, тұрғындарға газ баллонды қолдану кезіндегі қауіпсіздік ережесін сақтау насихатталды. Аталмыш акция аясында 28 рейд ұйымдастырылды, 5000-нан астам тұрғынға өрттің алдын алу шаралары түсіндірілді.»
Брифингтің соңында журналистердің сұрақтарына жауап берілді.
Қызылорда облысы ТЖД