2024 жылғы 15 қазанда Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында брифинг өткізілді.
Тақырыбы: Жылу беру маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы.
Спикер: Дастенов Арман Мамайұлы – Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы.
«Тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігін сақтау және газ баллон жабдығы мен газ қондырғыларын пайдалану кезіндегі сақтық шаралары туралы профилактикалық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылуда.
Дегенмен, 2023 – 2024 ж.ж. жылу беру маусымында облыс көлеміндегі тұрғын секторларында 91 өрт оқиғасы орын алды. Өрт оқиғасынан 4 адам қаза болды, 2 адам жарақат алды. Табиғи газдан улану салдарынан 3 адам қаза болды. Орын алып жатқан жағдайлар, көптеген жағдайларда тұрғындардың өрт қауіпсіздігіне салғырт қарауынан, яғни тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен, балаларды қараусыз қалдыруынан пайда болуда.
Жергілікті бюджет есебінен 160 дана көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер сатып алынып, бүгінгі күні оның 116 данасы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға орнатылды. Сонымен бірге 484 дана табиғи газды анықтайтын датчиктерді сатып алу бойынша қаржы қарастырылып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталына жарияланды.
Мемлекеттік органдар мен түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін тарта отырып, ауқымды профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Департамент қызметкерлері «Қауіпсіз газ баллон», «Таза түтін моржасы», «Өрт қауіпсіздігі айлығы», «Жатақхана» секілді акциялар ұйымдастырып, тұрғындарға тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігін сақтау және газ қондырғыларын пайдалану кезіндегі сақтық шаралары туралы түсіндірілуде. Тұрғындардың қауіпсіздік саласындағы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шараға жергілікті атқарушы орган, Қызылорда облысының Полиция департаменті, «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының өкілдері және «Қызыл ай» қоғамы, «Қызылорда волонтёрлері» қоғамдық бірлестігі секілді мемлекеттік емес ұйымдар белсене атсалысуда.
10 414 тұрғын үй секторындағы 34 728 тұрғынға үгіт-насихат жұмысы жүргізілді. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында 131 рет кездесу ұйымдастырылды.
Білім беру ұйымдарында 65 мекеменің 2 507 қызметкері мен оқушыларын қатыстыра отырып, интерактивтік, ашық сабақтар ұйымдастырылды. Өрт сөндіру бөлімдерінде білім беру ұйымдарының 433 оқушысын қатыстыра отырып 19 рет ашық сабақ пен экскурсия өткізілді. Білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне, оқушыларына, ата-аналарына өрт қауіпсіздігі туралы насихаттау мақсатында «Kundelik.kz» платформасына үнпарақтар енгізілді.
11 қыркүйекте төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссиясының кезекті отырысында тұрғын үй секторларындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралып, жылу беру маусымын қауіпсіз өткізуге бағытталған іс-шаралар талқыланды. Аталған комиссия отырысы облыстың қала және барлық аудан әкімдіктерінде де ұйымдастырылды. Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тауарлық газды тасымалдауды жүзеге асыратын және сұйытылған газды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын ұйымдардың басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді».
Соңында спикер журналистердің қойған сауалдарына да жауап берді.
Қызылорда облысы ТЖД