2024 жылғы 7 қазанда Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг ұйымдастырылды. Тақырыбы: Жылу беру маусымында қауіпсіздікті сақтаңыз!
Спикерлер: Қызылорда облысының ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбеков; ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ақылбай Әкімниязов.
Жылу беру маусымы – қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет ететін маңызды кезең. Бұл маусым кезінде тұрғындар өрт және газ қауіпсіздігіне ерекше мән беруі керек. Сақтық шараларын орындау төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысының ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбеков атап өтті.
– Департаменттің қызметкерлері жыл сайын жылу беру маусымы басталар алдында адам өмірі мен денсаулығын сақтау және қоршаған ортаны өрттен қорғау бойынша ауқымды жұмыстарды жүргізеді. Биыл да 4 302 тұрғын үй секторын аралап, 15 389 тұрғынға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптары жөнінде үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Көпқабатты тұрғын үй аулаларында 1 861 тұрғынға электр және газ баллон жабдықтарын, газ пештерін орнату, қолдану барысындағы өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл жарақат алғандар саны екі есеге азайған,- деді Асхат Плалұлы. Мамандардың айтуынша, тұрмыстық газ баллондарын автогаз бекеттерінде толтыру қауіпті. Тұтынушылардың газ иісінен улануымен ғана шектелмей, жарылысқа әкеп соқтыруы мүмкін.
– Стационарлық автомобильді газ құю станциясында автокөлікке пайдалануға арналмаған баллондарды толтыруға жол берілмейді. Облыс бойынша 30-дан аса автогаз құю бекеттері жұмыс істейді. Аталған бұзушылықтар тауарлық газды газ тарату жүйесі бойынша тасымалдауды, газ тарату жүйесін техникалық пайдалануды, тауарлық газды көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын ұйымдардың жөнсіз жұмысынан туындайды,- деді ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ақылбай Әкімниязов.
Брифинг соңында журналистердің сұрақтарына жауап берілді.
Қызылорда облысы ТЖД