2024 жылдың 8 ақпанында Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізілді.
Тақырыбы: Ауа райының қолайсыздығына орай автожолдың жабылуы.
Спикер: Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Ибрагимов Нұрсұлтан Жаңабайұлы.
Н. Ибрагимов: «2024 жылдың 7 ақпанында Астана қаласының уақытымен сағат 12-ден 30 минут өткеннен бастап Ақтөбе облысында ауа-райының күрт нашарлауына байланысты (боран, бұрқасын, көктайғақ) республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1240-1360 шақырымы аралығына Арал ауданы орталығынан Ақтөбе облысының шекарасына дейін барлық көліктердің қозғалысына уақытша шектеу қойылды.
2024 жылдың 7 ақпанында Астана қаласының уақытымен сағат 18-ден 40 минут өткеннен бастап республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1802-1240 шақырымы аралығына (Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейін) барлық транзиттік көліктердің қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Бұл туралы ақпараттар департаменттің әлеуметтік парақшаларында жарияланды, БАҚ өкілдеріне жолданды.
М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының жабылған участогында «Қазавтожол» АҚ Қызылорда филиалының 13 бірлік жол тазалау техникасы мен 18 жұмысшы кезекшілік атқаруда. 400 тонна инертті материал дайындалған. 3 жерде (Арал, Қазалы, Қармақшы) жылыту пункттері жұмыс атқаруда.
Сондай-ақ, облыс аумағында 59 жинақтау және 69 қабылдау эвакуациялық пункті бар. Стратегиялық және тіршілік объектілері штаттық режимде жұмыс жасауда.
«Қазгидромет» РМК филиалының хабарлауынша Қызылорда облысында 8 ақпанда 3-7, 9 ақпанда 0-7, 10 ақпанда 2-10 градусқа дейін салқындайды.
Ақтөбе облысы бойынша 9, 12, 13, 14 ақпанда облыстың басым бөлігінде, 10, 11 ақпанда облыстың оңтүстігінде аяз, қар, бұрқасын, көктайғақ, 15-20 м/с жел күтілуде. Ауа температурасы 12 ақпанға дейін салқындап, 12-14 ақпан күндері қайтадан жылып, 15 ақпаннан бастап 25-30 градусқа дейін салқын болады, ал, облыстың солтүстігінде 33 градусқа дейін аяз болады.
«Самара-Шымкент» автомобиль жолының бойындағы, сонымен бірге Қармақшы, Қазалы, Арал ауданы маңында орналасқан жол бойында қызмет көрсету нысандарында (дүкен, кафе, қонақ үй т.б.) Ақтөбе облысына бағыт алған жеңіл автокөліктер мен жүк көліктерінің жол қозғалысы шектелді.
Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті автокөлікпен алыс сапарға шықпауыңызды сұрайды. Елді мекендерден тыс сапарды жоспарлағанда, ауа райы болжамын ескеріңіз. 112-Құтқару қызметінің SMS хабарламаларын елеусіз қалдырмаңыз. Жолдардың жабылуы немесе ашылуы туралы «Дәрмен» мобильді қосымшасынан немесе Төтенше жағдайлар департаментіндегі 55-10-76 телефон нөміріндегі қауырт желіден білуге болады.»
Брифингтің соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берілді.
Қызылорда облысы ТЖД