2024 жылдың 18 қаңтарында Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізілді.
Тақырыбы: Қыс мезгілінде қауіпсіздікті сақтау.
Спикерлер: Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау полковнигі Оразбеков Асхат Плалұлы;
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы капитан Жүгінісов Жандос Шаймұлы.
А.Оразбеков: 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымында облыс көлеміндегі тұрғын секторларда 50 өрт оқиғасы орын алды. Өрт оқиғасы салдарынан 2 адам қаза болып, 2 адам түрлі дене жарақатын алды. Жылу беру маусымында 63 000 тұрғын үй секторының ауласы араланды. 230 рет кездесу ұйымдастырылып, тұрғындарға электр және газ баллон жабдықтарын, пешті және газ пештерін орнату, қолдану туралы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндірілді. Араланған тұрғын үйлерде 780-нен астам өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылу жағдайлары анықталып, тұрғындарға ескертілді. Қыс мезгілінде өрт қауіпсіздігін сақтау аса маңызды.
Ж.Жүгінісов: «Балық аулау кезінде қайғылы оқиғаларды болдырмау, су айдындарында қауіпсіздікті сақтау мақсатында жыл басынан 114 рейдтік профилактикалық жұмыстар жүргізілді. 4352 дана жадынама таратылды.
Адам көп шоғырланған орындарда дауысзорайтқыштары арқылы түсіндірме жұмысы жүргізілуде. Әлеуметтік желі парақшаларында ақпараттар мен роликтер жарияланды.
Балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп, облыс көлемінде профилактикалық жұмыс барысында азаматтардың заңсыз балық аулау бойынша 344 дерек тіркелді. Аталмыш фактіге сәйкес 5 млн 097 мың 100 теңге айыппұл салынды. (ҚР ӘҚБ 383-бап «Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу»).
Қыс мезгіліндегі балық аулау кезінде азаматтардың сақтауға тиісті қарапайым ережелері төмендегідей:
- балық аулау және шағын көлемді кемелермен аңшылық кезінде, қайыққа отыру алдында қайықты мұқият қарап, ескек, құтқару шеңбері мен суды құйып алуға арналған ыдыстың болуына көз жеткізу қажет;
- түнгі мезгілде балық аулауға немесе аңшылыққа тыйым салынады;
- мұз астынан балық аулаған кезде 2-ден артық шұңқыр тесуге және от жағуға болмайды;
- қайықтың жарамдылығын, оның құтқару жилетімен, шеңбермен және тб жабдықталуын тексеру қажет;
- өзімен бірге дәрі-дәрмек қобдишасы, қолшам, жергілікті жердің картасы, өзінің тұрған жерін құлақтандыратын құралы болуы тиіс.
- кемелерде, моторлы және қарапайым қайықтарда жеке құтқару құралдарынсыз отырған адамдарға ескерту шарасы көріледі немесе бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 583-бабына сәйкес) салынады;
Сондай-ақ қыс мезгілі кезеңінде мұздағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет:
- мұздың жұқа және қатпаған жерлеріне шығуға болмайды;
- мұздың жекелеген учаскелерінде топтармен жиналуға болмайды;
- мұздағы ойықтарға, жарықтарға жақындауға болмайды;
- мұз үстіне көлікпен шығуға болмайды;
- мұз үстінде түнгі уақытта және дұрыс көрінбейтін кезде шығуға рұқсат етілмейді.
Облыс аумағында «Крещение Господне» православиялық мерекесі кезінде барлық іс-шаралар тек Қызылорда қаласының шіркеуінің аумағында өтеді.»
Брифингтің соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берілді.
Қызылорда облысы ТЖД