▪️2023 жылғы 25 желтоқсанда Қызылорда облысының Полиция департаментінде онлайн форматта брифинг өтті.
Брифингте «Пиротехника» жедел алдын алу шарасының өту барысы туралы айтылды.
Брифинг спикерлері Қызылорда облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Айбек Құлмағанбетов және Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбеков пиротехникалық бұйымдарды пайдаланудың ережелерін түсіндірді.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында сауда орындарында пиротехникалық заттарды сату белсенді жүзеге асырылатыны белгілі. Осындай тауарлардың арасында сапасы төмен немесе қолдан жасалған, сондай-ақ ресми құжаттарсыз бұйымдар да кездеседі.
Сондықтан пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында адамдар көп шоғырланатын орындарда сала мамандары рейдтік іс-шараларды ұйымдастыруда.
Аталмыш брифинг барысында пиротехникалық бұйымдарды кәмелетке толмаған балаларға сатуға, қолдануына жол бермеу және өрт қауіпсіздігі туралы айтылды.
Департаменттердің өкілдері облыс тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды, сертификатталмаған пиротехниканы қолдану өртке әкеп соғатынын, сондай-ақ, тұрғын үйлерде осы өнімдердің салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу қажеттігін ескертті.
«Пиротехника» жедел алдын алу шарасы 2024 жылдың 3 қаңтарына дейін жалғаспақ.
Қызылорда облысы ТЖД, Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметтері