2023 жылдың 16 қарашасында Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізілді.
Тақырыбы: Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шаралары.
Спикерлер:
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының орынбасары полковник Әбдіқадыров Бекболат Қайырбекұлы;
Қызылорда облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы капитан Жүгінісов Жандос Шаймұлы.
Б.Әбдіқадыров: «Қызылорда облысы аумағында балық аулау кезіндегі қайғылы оқиғаларды болдырмау, су айдындарында қауіпсіздікті сақтау бойынша жыл басынан бері 2307 рейдтік профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Аталған іс-шараларда барлығы 93143 дана жадынама таратылды. Облыс бойынша 576 қызметкер, 268 еріктілер профилактикалық жұмыстарға жұмылдырылып, 93143 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қала аумағында адамдар көп жиналатын жерлерде дауысзорайтқыштар арқылы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Балық аулаушыларға арналған дүкендерде жадынамалар таратылып, жапсырылды.
Әлеуметтік желідегі парақшаларда 142 рет ақпарат, мақала, 190 бейнеролик жарияланды.»
Ж.Жүгінісов: «Қыс мезгіліндегі балық аулау кезінде азаматтардың сақтауға тиісті қарапайым ережелері төмендегідей:
- балық аулау және шағын көлемді кемелермен аңшылық кезінде, қайыққа отыру алдында қайықты мұқият қарап, ескек, құтқару шеңбері мен суды құйып алуға арналған ыдыстың болуына көз жеткізу қажет;
- түнгі мезгілде балық аулауға немесе аңшылыққа тыйым салынады;
- мұз астынан балық аулаған кезде 2-ден артық шұңқыр тесуге және от жағуға болмайды;
- қайықтың жарамдылығын, оның құтқару жилетімен, шеңбермен және тб жабдықталуын тексеру қажет;
- өзімен бірге дәрі-дәрмек қобдишасы, қолшам, жергілікті жердің картасы, өзінің тұрған жерін құлақтандыратын құралы болуы тиіс.
- кемелерде, моторлы және қарапайым қайықтарда жеке құтқару құралдарынсыз отырған адамдарға ескерту шарасы көріледі немесе бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 583-бабына сәйкес) салынады;
Сондай-ақ қыс мезгілінің жақындауына байланысты мұздағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет.»
Брифингтің соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берілді.
Қызылорда облысы ТЖД