Облыс аумағындағы өндірістік орындар мен тұрғын үйлердегі, орман шаруашылықтары мен шалғай орналасқан елді мекендердегі өрт қауіпсіздігі туралы

03.09.2020-ғы № 03/1-6/4768 шығыс хаты

03.09.2020-ғы № Д-168 кіріс хаты

Облыс әкімі Г.Н. Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен

облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысының
ХАТТАМАСЫ

 

Қызылорда қаласы                                                                                  2020 жылғы 27 тамыз

 

Төрағалық еткен: облыс әкімі Г.Н. Әбдіқалықова

Қатысқандар: тізім бойынша

 

І. Облыс аумағындағы өндірістік орындар мен тұрғын үйлердегі,

орман шаруашылықтары мен шалғай орналасқан елді мекендердегі

өрт қауіпсіздігі туралы

(Әбдіқалықова, Данилов)

  1. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы
    Б. Даниловтың хабарламасы қаперге алынсын.
  2. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері:

1) Шалғай орналасқан елді мекендерде құрылған өрт сөндіру бекеттерін электр энергиясымен, жылумен, сумен және өрт сөндіру көлігіне арналған телефон байланысымен қамтамасыз ету үшін өз бюджеттері есебінен қаржы бөлсін; (Орындалуы: 2020 жылғы 15 қарашаға дейін)

2) Облыс әкімімен бекітілген «2021-2025 жылдарға мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде кезең-кезеңмен өрт бекеттерін құру» жоспарын іске асырсын; (Орындалуы: 2020 жылғы 15 қарашаға дейін)

3) Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың (зейнеткерлер мен мүгедектер) тұрғын үйлеріне табиғи және улы газдың датчиктерін орнату жұмысын жандандырсын; (Орындалуы: тұрақты)

4) Күзгі егін жинау науқанынан кейін егін алқаптарын өртеу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтай отырып, кезекшілік ұйымдастырсын және өртеу алдында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімдерін ескертсін; (Орындалуы: тұрақты)

5) Облыстық білім беру (А. Қасымова), денсаулық сақтау (С. Пазылов), спорт және дене шынықтыру (Ж. Оспанов), мәдениет, архивтер және құжаттама (М. Әбуова), жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар (Т. Дүйсебаев) басқармаларымен бірлесіп, әлеуметтік нысандардағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы бойынша тиісті шаралар (дабыл қондырғыларын, алғашқы өрт сөндіру құралдарын орналастыру және т.б) қабылдасын. (Орындалуы: тұрақты)

  1. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы (Б. Шаменов), орман және дала өрттерінің алдын алуға арналған күш-құралдардың (өрт сөндіру техникалары мен құрал-жабдықтары, адам күштері және т.б) дайындығын қамтамасыз етсін. (Орындалуы: тұрақты)
  2. ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті (Қ. Қыстаубаев, келісім бойынша), ҚР ИДМ 2020 жылғы 5 мамырдағы № 273 бұйрығымен       бекітілген кестеге сәйкес, облыс көлеміндегі жарылғыш заттар мен аммиактық селитра сақтайтын, оттегі толтыру нысандары мен газ толтыру стансаларына өнеркәсіптік қауіпсіздігі талаптарының сақталуы бойынша тексеру жұмыстарын ұйымдастырсын. (Орындалуы: тұрақты)
  3. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті (Б. Данилов, келісім бойынша):

1) Аудан және қала әкімдіктерімен бірлесіп, облыс аумағындағы өрт гидранттарының жағдайына тексеру жұмыстарын жүргізіп, су қысымымен қамтамасыз етсін. Нәтижесі бойынша ұсыныстар енгізсін;
(Орындалуы: 2020 жылғы 15 қазанға дейін)

2) Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасымен (Б. Пірімбетов, м.а) бірлесіп, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы ғимараттар санының өсуіне байланысты өрт сөндіру депосын салу бағытында жұмыстар ұйымдастырсын; (Орындалуы: 2020 жылғы 15 қазанға дейін)

3) Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасымен (М. Усаин) бірлесіп, облыс аумағындағы өртке қауіпті нысандардағы өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына тексеру жұмыстарын жүргізу бойынша тиісті құзырлы органдарды тарта отырып іс-шара жоспарын әзірлеп, бекітсін;                    (Орындалуы: 2020 жылғы 15 қазанға дейін)

4) Облыстық полиция департаменті (Б. Сұлтан, келісім бойынша), Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, әлеуметтік қорғалмаған, тұрғылықты жері белгісіз азаматтарды есепке алу мақсатында рейдтік (жертөлелерге, шатырларға және т.б.) іс-шара жұмыстарын жүргізсін. (Орындалуы: тұрақты)

  1. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы (С. Пазылов), қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін оттегі баллондарын сақтау және пайдалану талаптарының сақталуы бойынша құзырлы органдардан жұмысшы топ құрып, өзіне бағынысты нысандарына тексеру жұмыстарын жүргізсін. (Орындалуы: 2020 жылғы 15 қазанға дейін)
  2. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы
    (Н. Қордабай), облыстық төтенше жағдайлар департаментін материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қарастырсын. (Орындалуы: 2020 жылғы 15 қазанға дейін)
  3. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы (Р. Нұрмағанбетов, м.а) 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымына жылу жүйелерін қайта жаңғырту бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар және тұрғын үй, коммуналдық кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды қамтамасыз ететін отын қоры туралы мәліметті облыстық төтенше жағдайлар департаментіне жолдасын. (Орындалуы: 2020 жылғы 1 қазанға дейін)
  4. Осы тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары С.Ә. Ахметке жүктелсін.
  5. Осы хаттамалық тапсырманың орындалуы бойынша ақпарат Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаментіне жолдансын.

 

ІІ. Облыс аумағында коронавирус инфекциясына қарсы

атқарылып жатқан шаралар туралы

(Әбдіқалықова, Байқадамов)

 

  1. Облыс әкімінің орынбасары Н. Байқадамовтың хабарламасы қаперге алынсын.
  2. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері:

1) Коронавирустық инфекцияға қарсы шаралар бойынша бекітілген нысаналы индикаторларға қол жеткізуді қатаң бақылауға алып, орындалуын қамтамасыз етсін; (Орындалуы: тұрақты)

2) Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, демеушілер тарапынан медициналық ұйымдарға қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін қарастырсын. (Орындалуы: 2020 жылғы 15 қазанға дейін)

  1. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы (С. Пазылов):

1) Облыстағы қажетті дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың тұрақты қорын жасақтау мақсатында қажеттілігін есептесін; (Орындалуы: 2020 жылғы 15 қазанға дейін)

2) Медициналық ұйымдарда қорғаныш заттарының (медициналық бетперде, қолғап және т.б) кем дегенде 30 күндік қорын жасақтасын; (Орындалуы: 2020 жылғы 15 қазанға дейін)

3) Эпидемиологиялық ахуалға және ұйымдастырылған инфекциялық, провизорлық төсек-орындардың жүктемесіне сәйкес қажеттілігі жоқ стационарларды жабу мүмкіндіктерін қарастырсын; (Орындалуы: 2020 жылғы                 15 қыркүйекке дейін)

  1. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы (М. Усаин), коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы шараларды ұйымдастыруға тартылатын адамдарды жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында қор (медициналық бетперде, қолғап, төсек-орындар және т.б) қалыптастырсын. (Орындалуы: 2020 жылғы 15 қазанға дейін)
  2. Осы тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Н.С. Байқадамовқа жүктелсін.
  3. 6.Осы хаттамалық тапсырманың орындалуы бойынша ақпарат Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасына жолдансын.

 

 

       Облыс әкімі –

 комиссия төрағасы                                                                   Г. Әбдіқалықова     

 

Облыс аумағындағы өндірістік орындар мен тұрғын үйлердегі, орман шаруашылықтары мен шалғай орналасқан елді мекендердегі өрт қауіпсіздігі туралы
Дата публикации
27 августа 2020