2021 жылдың 11 маусымында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы азаматтық қорғау полковнигі Бауыржан Ізбасаров «Су айдындарында қауіпсіздікті сақтау туралы» айтты.
Бауыржан Шірімбекұлы: «Облыс аумағымен өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы 1274 шақырымды құрайды. Мұнан басқа 19 ірі канал, 220 шағын каналдар және 207 көл облыс аумағында орналасқан және 64 қауіпті учаске анықталған.
2021 жылдың басынан облыс аумағындағы су айдындарында 18 адам (оның ішінде 12 бала) cуға кеткен.
Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады.
Атап айтсақ:
- өзен немесе каналдардың зерттелмеген (ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар) жерлеріне суға түсуі;
- спирттік ішімдіктерді ішіп, суға шомылу;
- балалардың ересектердің бақылаусыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда.
Сонымен қатар, ұжымдар мен оқу орындары жастары табиғатқа шығып, демалыстарын өзен мен көлдердің жағасында ұйымдастыруы соңғы жылдары жиіленді және кейде бақытсыз жағдайларға әкеп соқтыруда.
Шомылу маусымы кезеңінде судағы төтенше жағдайларға ден қою үшін Департаменттің Жедел-құтқару жасағының күштері (54 сүңгуір маман) мен құралдары (18 техника, ілмелі моторлар – 16 дана, 29 жүзу құралдары: 5 катер, 6 темір қайық, 2 пластикалық қайықк, 16 үрлемелі қайық) әзірлікке келтірілді.
ТЖ департаментінің қызметкерлері мен құтқару бөлімшелерінің құтқарушылары су айдындарында, балық аулайтын орындарда 346 рейд өткізіп 3874 адамға (454 бала) судағы қауіпсіздікті түсіндіріп, үнпарақтар таратылды. Қазіргі таңда ҚР ӘҚБ туралы Кодексінің 364-бабы бойынша 13 адамға ескерту шарасы көрілді.
Облыс аумағында суға шомылуға рұқсат етілген 2 жағажай орналасқан (Қызылорда қаласындағы «Сыр-самалы» және Белкөл кентінде орналасқан «Абай»).
Онлайн режимде облыстың 263 оқушысына «Судағы (мұздағы) қауіпсіздік ережелері», «Суда (мұзда) зардап шегушілерді құтқару, алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету тәсілдері» бойынша 7 интерактивтік сабақ өткізіліп, 64 мектептің басшылары мен мұғалімдеріне онлайн арқылы судағы қауіпсіздік жөнінде сабақ өткізілді және 8 брифинг, республикалық, облыстық телеарналарда суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелері бойынша 9 сөз сөйлеу, сондай-ақ баспасөз беттерінде «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында 30 мақала жарияланды. Департаменттің әлеуметтік желілеріне 26 бейнеролик пен 35 мақала жарияланды.
Қала аумағында орналасқан Арай сити молл сауда орталығы, Жаңа базар және Ескі базарларға күнделікті дауысзорайтқыштары арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Облыс аумағында жазғы суға шомылу маусымына байланысты "Суға шомылуға тыйым салынады" тақырыбында 165 тақтайша және 78 билборд пен стенд орнатылды».
Қызылорда облысы ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы