Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қостанай облысы ТЖД бастығы азаматтық қорғау полковнигі Б.Кәрімов сөз сөйледі. БАҚ өкілдерімен кездесуде облыстық ведомство басшысы су тасқынының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар және су апатымен күреске қандай күштер тартылатыны туралы айтып берді.
Сөз сөйлеушінің айтуынша, Қостанай облысы су тасқынына бейім аумақтардың қатарына кіреді, сондықтан өңірде су қаупі төнген жағдайда барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Төтенше және шұғыл шығындарға арналған резервке 814 млн.330 мың теңге бөлінді.
Қалалар мен аудандардың әкімдіктері 9 мың тоннадан астам инертті материалдар мен 52 мыңнан астам қап дайындады. 162,9 тоннадан астам көлемде жанар-жағар май қоры дайындалды.
Тасқын суларды апатсыз өткізу үшін 7 ауданда су тасқыны қаупі бар учаскелерде мұз жару жұмыстары жоспарланған. 1 наурыздан бастап қар жамылғысы мен су тасқыны жағдайын бағалау үшін космониторинг жүргізіліп, аумақтарды аралау жоспарланып отыр.
Б.Кәрімовтың айтуынша, 5 ақпан мен 5 наурыз аралығында ТЖД қызметкерлері алдын ала су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыру айлығы аясында қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғындар арасында қарды уақтылы шығару, каналдар мен арық жүйелерін тазарту, су тасқыны жағдайында қабылданған шаралар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінгі күні тасқын және еріген су басуы мүмкін аймақтарда 95 елді мекен, тұрғындар саны 8 417 адамды құрайтын 2 097 үй бар.
Эвакуацияланған азаматтарды су басу аймағынан уақытша орналастыру жағдайына 192 пункт дайындалды, үй жануарларын орналастыруға арналған орындар анықталды.
Үлкен су келген жағдайда тұрғындарға көмекке Департаменттің күштері мен құралдарынан жалпы саны 173 адам, 60 бірлік техника, 19 бірлік жүзу құралдары және 78 мотопомпа келуге дайын.
Су тасқыны кезеңінде ТЖД Дағдарыс орталығында барлық мүдделі азаматтық қорғау қызметтерінің қатысуымен облыстық су тасқынына қарсы штаб құрылады.
Брифингтің екінші бөлімінде Б.Кәрімов журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Қостанай облысының ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы