Қостанайлық өрт сөндірушілер өрт санының көбеюіне байланысты дабыл қағуда

Қостанай облысының өрт сөндірушілері биыл өрт санының күрт өскенін атап өтіп, өңір тұрғындарын электр жабдықтары мен үй пештерін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады.
Осыған байланысты, Төтенше жағдайлар департаментінде брифинг ұйымдастырылып,  журналистерге өңірдегі өрт қауіпсіздігінің жай-күйі және тұрғын үй секторында жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстары туралы айтылды. Облыстың қалалары мен аудандары бойынша өрттерге талдау жасалды.
ТЖД бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі А.Орымбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың 26 қаңтарындағы жағдай бойынша облыс аумағында 82 өрт тіркелген, өрт салдарынан 6 адам қаза тауып, 1 азамат зардап шекті. Өткен жылдың басымен салыстырғанда өрт саны 78%-ға артты, ал қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны – өзгеріссіз қалып отыр. Тұрмыстық өрттердің 2,1-ға  өсуі байқалады, бұл ретте олардың жалпы санының 83%-ы жеке секторға тиесілі. Өрттердің негізгі шығу себебі тұрғындардың шамадан тыс немқұрайлылығы болып табылады. Көп жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындар және алкогольді ішімдіктерді асыра пайдаланатын азаматтар қаза табады.
Бүгінгі күні қысқы кезеңде тұрғын үй секторындағы өрттердің негізгі шығу себептері отты абайсыз пайдалану, пештерді орнату және пайдалану кезіндегі бұзушылықтар, электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезіндегі бұзушылықтар болып табылады.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес өрт бақылау қызметкерлерінің тұрғын үй секторын тексеруге өкілеттігі жоқ,» - деп атап өтті Азамат Орымбаев.
- Қысқы кезеңде өртпен күресу үшін халықпен бірге ТЖ алдын алу бойынша кең үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Өрт сөндірушілер ауланы үнемі аралап, газ және пеш жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат жазылған парақшалар, брошюралар таратады.  Тұрғындардың рұқсатымен үй иеліктерінің аумағын, тұрғын үй-жайларды аралап шығып, орын алған бұзушылықтарды анықтайды.
«Қатты және газ отынымен жанатын пештерді пайдалану кезінде түтіндіктердің жағдайын бақылау, оларды күйеден уақытылы тазарту, желдету жүйесінің жұмысын тексеру қажет,» - деп жалғастырды А.Орымбаев.  Сондай-ақ, электр сымдарының жұмысына назар аудару керек».
ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау подполковнигі А.Тулендин өрт туындаған кездегі іс-қимыл тәртібі туралы атап өтті. Өрттерде балалардың қаза болуы мен жарақаттануын болдырмау үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын еске салды. Жылыту құралдарын пайдалану кезінде тұншықтырғыш газбен уланудан қалай сақтануға болатыны туралы кеңестерімен бөлісті.
Кездесу соңында Департамент қызметкерлері журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Қостанай облысының ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы

 

Ақпарат
Дата публикации
27 января 2021