Қарағанды облысында суға шомылу маусымының қорытындысы шығарылды

Қарағанды облысында суға шомылу маусымының қорытындысы шығарылды

Қарағанды облысының ТЖД өткен суға шомылу маусымының қорытындысын шығарды. Жазғы кезеңде құтқару бөлімшелерінің жұмысы күшейтілген түрде ұйымдастырылды.
Үгіт-профилактикалық іс-шаралар суға шомылу басталғанға дейін жүргізілген болатын. Тұрғындармен әңгімелесулер мен дәрістер өткізіліп, судағы қауіпсіздік шаралары туралы жадынамалар таратылды. Барлығы 34 000-ға жуық үгіт-насихат материалдары тапсырылды. Су айдындарында 350-ден астам тыйым салу белгілері, көрнекі стендтер мен баннерлер орнатылды.
Судағы демалушылармен профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударылды. Шомылу маусымы бойы ТЖД бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен, полиция қызметімен және еріктілермен бірлесіп су айдындары мен табиғи жағажайларда жаппай демалу орындарында 1200-ден астам профилактикалық рейдтер және 3200 патрульдеу жүргізді. Бірлескен рейдтер жүргізу барысында жабдықталмаған жерлерде шомылудың, жағажайларда, су айдындарында жаппай демалу орындарында спирттік ішімдіктер ішудің жолын кесу, судағы жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіру жүргізілді.
Полиция қызметкерлерімен бірлесіп 220 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды: 162 жеке тұлғаға ақшалай айыппұл салынды, ал 58 адамға ескерту берілді.
Халықпен ауқымды жүргізілген алдын алу жұмыстарының арқасында судағы қайғылы оқиғалардың саны азайғаны байқалады. ТЖ департаментінің құтқарушылары 18 адамды құтқарды. Қарағанды облысының су айдындарында 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында барлығы 12 адам суға кетті, оның ішінде 4 бала. 2019 жылдың ұқсас кезеңінде облыстың су айдындарында 14 адам суға кетті, оның ішінде 2 бала.
Судағы ТЖ-ның негізгі себептері құтқарушылар бақыламайтын су айдындарында азаматтардың ұйымдастырылмаған демалысы, мас күйінде шомылу, судағы қауіпсіздік ережелерін білмеу немесе сақтамау, жүзе алмау және балаларды ересектердің қарауынсыз суға қалдыру болып табылады.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі