
Қарағанды облысы ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаевтың атына "Алдаберлі" шаруа қожалығының төрайымы Сергалиева Торғын Алтайқызы Ақтоғай ауданы Қарабұлақ ауылдық округінің аумағында дала өртін сөндіру кезінде сауатты басшылық, жедел әрекет ету және жай ғана адам қолдауы үшін алғыс сөздерін білдірген хат келіп түсті. 25 тамызда ТЖД күшімен сөндірілген өрт, 26 тамызда қайтадан тұтанады. Желдің екпіні салдарынан өрт алаңы кеңейе түскен. ТЖД бөлімшелері мен ерікті өртке қарсы құрылымдардың бірлескен күшімен өрт 27 тамызда 37 га алаңда жойылды.
Торғын Сергалиева №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлеріне: аға инженер Азамат Бажбеновке, бөлімше командирі Айбек Қауаловқа, аға өрт сөндіруші-құтқарушылар Дилмухамед Малашқа және Берікбол Ақылсерікке, жүргізуші Айбек Ноғайбекке ерекше алғысын білдірді және бұл бригада марапаттауға ұсынылуға лайық екенін атап өтті.
Шаруа қожалығының төрайымы өз хатында: "Өрт сөндіруші мамандығы қайсарлықты, сондай-ақ зор физикалық және моральдық күшті талап етеді. Апат болған кезде зардап шеккендерге көмекке әрдайым батыл, ержүрек, табанды және қайратты өрт сөндіруші-құтқарушылар асығады.
Сізге және сіздің бригадаларыңыз бен қызметкерлеріңізге мықты рух пен денсаулық, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қиын міндеттерді орындауда сарқылмас қуат, өрт сөндіру бөлімдерінің әрбір қызметкерінің өміріне табыс, төтенше жағдайлар мен табиғи апаттардың болмауын және еліміздің өркендеуін тілейміз", - деп жазды.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі