2025 жылғы 6 наурызда Қарағанды облысы аумағында «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының екінші кезеңі басталды. Тақырыбы: «Көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларды жою бойынша Мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау».
Оқу-жаттығу азаматтық қорғаудың Мемлекеттік жүйесі мен халықтың көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға дайындығы мен қабілетін арттыру, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының төтенше жағдайларға ден қоюға әзірлігін тексеру мақсатында өткізілуде.
Оқу-жаттығу аясында авариялық-құтқару жұмыстары, өзен арнасын қамыс, шөп және бұталардан тазарту, су басу аймағынан халықты эвакуациялау, сондай-ақ Нұра өзенінде мұз жару тактикалық іс-шаралары өткізілді.
Оқу-жаттығуға азаматтық қорғау жүйесінің 694 қызметкері, 157 техника, 62 жүзу құралы, 307 су сорғы мотопомпасы, 47 өрт сөндіру сорғы станциясы және 60 жоғары өтімді техника жұмылдырылды.
Бұл оқу-жаттығу көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайларға тиімді ден қою дағдыларын пысықтау үшін маңызды тәжірибе болып табылады.
Қарағанды облысы ТЖД