
2025 жылғы 19-21 ақпан аралығында Қарағанды қаласында ҚР ТЖМ XIV қысқы Спартакиадасы өтуде. Жарыс аясында ТЖМ құрылымдық бөлімшелерінің командалары волейбол және арқан тарту бойынша жүлделі орындар үшін сайысқа түседі.
Спартакиадаға елдің әр өңірінен келген 25 команда қатысуда. Бүгін ҚР ТЖМ азаматтық қорғаныс комитетінің аға офицері, «Batyr Team» спорт клубының атқарушы директорының төрағалығымен қатысушыларды тіркеу және жарыстың тәртібін анықтайтын жеребе тарту рәсімі өтті. Волейбол бойынша бас төреші Виктор Семенков және арқан тарту бойынша бас төреші Рауан Қайырбаев ойын ережелері мен ерекшеліктері бойынша нұсқаулық жүргізді.
Іс-шара барысында Төтенше жағдайлар министрі Әрінов Шыңғыс Сайранұлының бастамасымен «Batyr Team» клубының филиалын құру аясында Қарағанды облысы ТЖД басшысы Марғұлан Аманбаев «Batyr Team» спорт клубының Қарағанды облысындағы атқарушы директоры Нұрлыбек Букеновпен меморандумға қол қойды.
ҚР ТЖМ жеке құрамның дене дайындығын дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен мән береді. «Batyr Team» клубының ашылуы аймақта спорттың дамуына, спортшыларды даярлауға және олардың ел чемпионаттарына қатысуына ықпал ететін болады.