
Құтқару жұмыстары Осакаровка және Бұқар-Жырау аудандарында жүргізілді.
Осакаровка ауданы, Садовое ауылдық округінде қар құрсауынан көлік жүргізудің қиындауына байланысты ТЖД ауруханаға жатқызуды қажет ететін бір жасар баланы аудандық ауруханаға жеткізді.
Сондай-ақ Осакаровка-Молодежный тас жолында Молодежный кентінен 30 шақырым жерде ТЖД күшімен «ГАЗель» көлігімен қар құрсауында қалып қойған 2001 жылы туған ер адамды Молодежный ауылына жеткізді. Құтқарылған адамға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Бұқар жырау ауданында қар құрсауынан көліктердің өтуі қиындағандықтан Бұқар жырау және Керней ауылдарынан үш адам жолдың тазартылған учаскесінде орналасқан жедел жәрдем көлігіне жеткізіліп, аудан ауруханасына эвакуацияланды.
Оқиға орнына жедел жеткен аудандық аурухананың құтқарушылары мен дәрігерлері қажетті көмекті көрсетіп, зардап шеккендерді қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етті. Эвакуация кезінде ТЖД күштері көлікті спутниктік терминал арқылы сүйемелдеп, қозғалыс бағытын бақылап отырды.
Сондай-ақ, Астана-Қарағанды тас жолын жабу бекетінен ТЖД қызметкерлері бес адамды Теміртау политехникалық колледжінің жатақханасына жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болмады.
Қарағанды облысының ТЖД дауылды ескертулерге мән беруге және ауа райының нашарлауы кезінде елді мекеннен шықпауды ұсынады!