
24 тамызда Қарағанды қаласынан Қарқаралы ауданының демалыс үйлерінің біріне күйеуімен бірге келген 1962 жылы туған әйелдің жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Сағат 18:00-де ерлі-зайыптылар демалыс үйінің жанындағы орманға саңырауқұлақ жинауға шыққан. Саңырауқұлақ терудің қызығына батып кеткендері соншалық, бір-бірінен адасып кетеді. Біраз уақыттан кейін ер адам қайтар жолды тауып, полиция бөліміне әйелінің жоғалғаны туралы хабарлайды.
Құтқарушылар күшімен 21:48-де жоғалған әйел Қарқаралы қаласынан 12 шақырым жерден табылды. Іздеуге туыстары, ТЖД қызметкерлері және полиция қатысты. Әйел медициналық көмекке мұқтаж болмады.
Құтқарушылардың мәліметінше, Қарқаралы ауданында жыл басынан бері 7 іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 11 адам құтқарылды.
Қарағанды облысының ТЖД құтқарушылары орманға барар алдында ауа-райы болжамын нақтылау, ұялы телефонды зарядтау, дәрі-дәрмек алу, туыстарыңызға қайда және қашан баратыныңызды хабарлау, олармен байланыста болу қажет екенін еске салады. Сенімділік үшін өзіңізбен бірге тамақ пен су алыңыз. Алайда, сіз жоғалған болсаңыз, 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі