Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Е. К. Бөлекпаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның облыстық отырысы өтті.
Отырыс барысында дербес жылыту жүйелерін жеке тұрған ғимараттарға шығару; авариялық және ескі тұрғын үйлер; Республиканың сейсмикалық қауіпті өңірлерінде ықтимал жер сілкіністеріне дайындық мәселелері талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша облыстық басқармалар басшылары ведомстволық бағынысты нысандардағы дербес жылумен жабдықтау жүйелері және оларды жеке ғимараттарға шығару бойынша жұмыстар жүргізу туралы баяндады.
Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалар мен аудандар әкімдері тұрғын үй қорын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы тыңдалды.
Республиканың сейсмикалық қауіпті аймақтарындағы ықтимал жер сілкіністеріне дайындық туралы Қарағанды облысы ТЖ департаментінің бастығы И. Күлшімбаев баяндады.
"Сейсмикалық қауіпті аймақтарда (Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары) ықтимал жер сілкіністерін жою үшін облыстан бөлінетін күштер мен құралдардың топтамасы бекітілді. Әр өңір үшін кездесу пункттері, күштер мен құралдардың шоғырлануы белгіленген. Талаптардың бірі алғашқы 14 тәулік ішінде ТЖ аймағында күштер мен құралдардың автономды тіршілік мүмкіншілігін қамтамасыз ету болып табылады", - деп атап өтті И. Күлшімбаев.
Кеңес соңында айтылған мәселелер бойынша жұмыстарды жалғастыру, оның ішінде жер сілкінісі аудандарына күштер тобын дайындау және жөнелту тәртібін пысықтау бойынша бірқатар міндеттер жүктелді.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі