Жас құтқарушы туған күніңмен!

Жас құтқарушы туған күніңмен!

Қай уақытта болмасын, құтқарушы мамандығының мәртебесі биік. Себебі олардың басты мақсаты адам өміріне келетін қауіп-қатерді жою болып табылады.
Өз ісінің нағыз маманы атану екінің біріне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Мамандыққа деген алғашқы қызығушылық балалық шақта қалыптаса бастайды. Сол уақытта жас баланың қызығушылығын одан әрі жетілдіріп, болашақ мамандық таңдауына ата-анасының қосар үлесі зор.
Сондай ата-аналардың бірі өз немересінің құтқарушы мамандығына деген қызығушылығын байқап, туған күніне орай тосын сый ретінде қуанту үшін және оны бұл мамандықпен жақсырақ таныстыру үшін 18-шілде Қарағанды қаласының №7 өрт сөндіру бөліміне алып келді. Өрт сөндіру бөлімінде Рамиз атты бүлдіршінге кішігірім экскурсия ұйымдастырылып, өрт сөндіру автокөлігі, өрт құрал-жабдықтары көрсетіліп, олар туралы қысқаша ақпарат берілді. Жас құтқарушы мұның бәрін алғаш рет көріп тұрғандықтан, мұқият тыңдап, мамандыққа деген қызығушылығының одан бетер артқанын, болашақта осы маман иелерінің қатарынан көрінгісі келетінін айтты. Соңында автокөлік жанында естелік суретке түсіп, алғысын білдірді.
Жас жеткіншектерді ерлік жасауға шабыттандырып, оларды белгілі бір мамандыққа бала кезден қалыптастыру маңызды.

Қарағанды облысы ТЖД
«ӨСжАҚЖҚ» ММ №7 ӨСБ