
22 мамырда Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Аманбек Бейсембаев журналистердің өңірдегі өрт қауіпті кезеңнен өтуі жөніндегі сұрақтарына жауап берді.
22 мамырдағы жағдай бойынша облыста өрт қауіпті жағдайы тұрақты!
2024 жылдың өрт қауіпті кезеңі басталғаннан бері облыс аумағында жалпы ауданы 0,07 га 2 орман өрті орын алды. Дала өрттері мен жанулар тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта өрт ошақтары жоқ.
Табиғи өрттерге жедел ден қою үшін Департаментте жедел Штаб құрылды. Азаматтық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, табиғат қорғау мекемелерінің күштері мен құралдары тұрақты дайындықта, құрамында 4000 адам және 322 бірлік өрт сөндіруге арналған техника бар.
Шамамен 772 адамнан тұратын рейдтік іс-шараларды өткізу үшін 130 мобильді топ құрылды.
Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері осы мобильді топтармен халықпен үгіт-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде, 8000-нан астам адамды қамти отырып, 400-ден астам профилактикалық іс-шаралар өткізілді.
Рейдтік іс-шаралар кезінде саяжай учаскелерінің аумағында құрғақ шөптер мен қоқыстарды жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 4 фактісі анықталды кінәлі тұлғалар жалпы сомасы 147 мың 680 теңгеге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жыл сайын Төтенше жағдайлар департаменті су тасқыны және өрт қауіпті кезеңдерде ТЖ космомониторингін жүргізу жөнінде шарт жасалды. Сондай-ақ, күн сайын ТЖД қызметкерлері ҚР ТЖМ Геосервис платформасы бойынша өрт жағдайына ішкі бақылау жүргізеді.
Облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтарында селитебтік аумақтар мен ірі өнеркәсіптік объектілерді өртке қарсы қорғауды қамтамасыз ету үшін «Қазақстан Республикасы ТЖМ Қарағанды облысы ТЖД ӨСжАҚЖҚ» ММ 30 өрт сөндіру бөлімдері орналасқан.
Облыста ТЖД Өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ жерде құрамында 128 адам және 51 бірлік техникасы бар 51 жергілікті атқарушы органдардың өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді олардың қорғауында жалпы халық саны 60 мыңға жуық 93 елді мекен бар.
Ағымдағы жылға арналған жоспарда Осакаров, Қарқаралы, Нұра және Шет аудандарының аумағында тағы 6 бекет құру көзделген.
Табиғатты қорғау мекемелерін, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, ерікті өртке қарсы құралымдардың мүшелерін және облыстағы жергілікті атқарушы органдардың өрт сөндіру бекеттерін техникамен және өртке қарсы жабдықпен жарақтандыру шеңберінде өрттерге қарсы күрес жоспары жұмыс істейді. Ағымдағы жылы 65 бірлік техника, 918 бірлік жабдық сатып алу, 1 орман өрт сөндіру станциясын салу және 4 ерте анықтау камерасын орнату жоспарланған.
Қарағанды облысының ТЖД өрттерді болдырмау мақсатында еске салады:
- от жағу және қалдықтарды жағу ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта жүзеге асырылуы тиіс. Ал желді ауа райында от жағуға мүлдем жол берілмейді;
- елді мекендер мен ұйымдардың аумағында жанғыш қалдықтардың үйінділерін ұйымдастыруға тыйым салынады, оларды уақтылы шығару қажет;
- осы мақсаттар үшін арнайы бөлінген орындарда қалдықтар мен ыдыстарды жағу бақылаумен және арнайы бөлінген орында жүргізілуі тиіс;
- от жағуға арналған орындар жанғыш заттар мен материалдардан, құрғақ өсімдіктерден тазартылып, сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс;
- жанып жатқан материалдардың жану процесі аяқталғаннан кейін қалдықтарың бықсуы толық тоқтағанға дейін сөндірілуі тиіс;
- ғимараттар мен аула құрылыстарына дейін кемінде 15 м қашықтықта тұрғын үйлердің үй-жайлық телімдерінде ірі жемшөптерді жинау кезінде қойма орындары кемінде 500 литр су сыйымдылығымен қамтамасыз етіледі;
- ірі жемшөптің үйінділерін, қазбаларын, маяларын, басқа да жанғыш заттар мен материалдарды жинауға жол келесі шарттар бойынша берілмейді:
1) сарайлар мен басқа да шаруашылық құрылыстардың шатырларында;
2) электр беру желілерінің астында;
3)учаскенің сыртқы қоршауынан 3 м кем қашықтықта.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі