
2023 жылғы 03 тамызда Қарағанды облысының Нұра ауданында «Бейбіт және соғыс уақытында қауіп төнген және төтенше жағдайлар туындаған кездегі мемлекеттік органдардың, төтенше жағдайлар қызметінің және халықтың іс-әрекеті» тақырыбында кешенді оқу-жаттығулардың бірінші күні өтті.
Оқу-жаттығуларға Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, Нұра ауданы әкімдігінің аппараты, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия, эвакуациялық іріктеу комиссиясы, азаматтық қорғау қызметтері мен ұйымдары жұмылдырылды.
Өткізілетін кешенді оқу-жаттығудың мақсаты аудандық азаматтық қорғау жүйесінің жұмыс істеуінің әртүрлі режимдерінде авариялық-құтқару қызметтерінің басқару органдары, күштері мен құралдары басшыларының дағдылары мен іс-әрекеттерін оқыту және пысықтау, олардың бейбіт және соғыс уақытындағы төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға дайындығын арттыру болып табылады.
Оқу-жаттығулар қызметтер мен ұйымдар басшыларының практикалық іс-қимыл элементтерін пысықтаумен, аудандық азаматтық қорғау жүйесінің жұмыс істеуінің әртүрлі режимдерін және азаматтық қорғауға әзірлік дәрежелерін енгізу кезінде азаматтық қорғау құралымдарымен, сондай-ақ бейбіт және соғыс уақытындағы төтенше жағдайлар туындаған кезде мүмкін болатын жағдайларды модельдеумен екі кезеңде жүргізіледі.
Аудан аумағында бар электр сиреналары мен дауыс зорайтқыштардың жұмысқа дайындығы тексерілді. Аудандық шұғыл әрекет ету жиынтық отрядының және адамдарды іздеу және құтқару командасының байқауы өткізілді. Нұра кентінде эпидемия ошағы пайда болған кезде, адамдар көп жиналатын объектілерде өртті сөндіру кезінде, сондай-ақ табиғи өрт туындаған кезде және су тасқыны қаупі мен туындауы кезінде іс-қимылдарды пысықтаумен тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өткізілді.
Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметтері басшыларының ТЖ режимінде іс-шараларды орындау бойынша тыңдаулары өткізілді.
Кешенді оқу-жаттығудың бірінші күнінің қорытындысы бойынша облыстың барлық азаматтық қорғау қызметтерінің бейбіт уақыттағы дайындығы бағаланды.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі