
21 шілдеде Қарағанды облысының ТЖД департамент бастығы Мұрат Қатпановтың төрағалығымен кеңейтілген жедел кеңес өтті.
Күн тәртібі бойынша Қарағанды облысының ТЖД мен оның бөлімшелерінің 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік қызметінің қорытындылары, сондай-ақ тәртіптің жай-күйі, заңдылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және тәрбие жұмысы мәселелері қаралды.
Қызмет бағыттары бойынша мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нариман Бұқтаев, азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ержан Ілиясов, төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дамир Өскенов, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Самат Жақыпбеков және кадр саясаты басқармасының бастығы Үмбет Каналин баяндады.
Есепті кезеңде төтенше жағдайларды жою үшін ТЖД бөлімшелері 4 313 жедел шығуды жүзеге асырды, оның барысында 1 513 адам құтқарылды, 676 адам эвакуацияланды және 315 зардап шегушіге алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетілді.
2023 жылдың 1 жартыжылдығында облыс аумағында 316 өрт тіркелді, онда 21 адам қаза тауып, 14 адам жарақат алды.
Өрт қаупін азайту, халықтың қауіпсіздігін арттыру мақсатында 353 нысан тексеріліп, 2334 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталды.
Шомылу маусымынан қауіпсіз өту мақсатында 600-ден астам рейд, 1700 су айдындарын патрульдеу жүргізіліп, 131 мыңнан астам адаммен нұсқамалар өткізіліп, судағы қауіпсіздік ережелері бар жадынамалар табыс етілді. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Қарағанды облысының су айдындарында жыл басынан бері 6 адам суға батып кетті, оның ішінде шомылу маусымы басталғаннан бері 3 адам, оның ішінде 1 бала.
ТЖД бөлімшелерін техникалық жарақтандыруды жаңарту жалғасуда: автоцистерна, 5 бірлік көп мақсатты өрт сөндіру-құтқару автокөлігі және өрт сөндіру бөлімдерінде автотехниканың тұрақ орындарын қамтамасыз ету үшін 5 ангар сатып алу жүргізілуде.
Кеңес қорытындысы бойынша қызметті жетілдіру мақсатында бірқатар тапсырмалар берілді. ТЖД бастығы өрт қауіпті және шомылу маусымдарының қауіпсіз өтуі жөніндегі іс-шараларға ерекше назар аударуды тапсырды.
Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі