
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Абай облысында туындаған төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін, әскери және қызметтік борышын орындау кезіндегі жанқиярлығы үшін 22 адам мемлекеттік наградалармен марапатталды. Оның екеуі Қарағанды облысы ТЖД қызметкерлері Бекболат Жиренов "Ерлігі үшін" медалімен және Ілияс Қасымов ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министр Ибрагим Күлшімбаев марапаттарды салтанатты түрде табыс етіп, Абай облысындағы өртті жоюға қатысқандарға Президенттің алғысын жариялады.
Азаматтық қорғау сержанты Бекболат Жиренов азаматтық қорғау органдарында 2016 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бекболат-Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің мамандандырылған жасағы бөлімшесінің командирі.
Ілияс Қасымов азаматтық қорғау органдарында 2015 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол-Балқаш қаласының № 4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі.
Естеріңізге сала кетейік, "Семей орманы" Батпаев орманшылығының аумағында орман өрті 2023 жылдың 8 маусымында болған. Сол күні Қарағанды облысының ТЖД өрт сөндірушілері Абай облысына көмекке барып, тәулік бойы орман өрттерін жою жұмыстарын жүргізді.
Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі