
23 ақпанда Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінде департамент басшысы Мұрат Қатпановтың басшылығымен жедел-құтқару жасақтарының Түркия Республикасына жөнелтілуінің қорытындысын шығару бойынша жұмыс кеңесі өтті.
Қарағанды қаласы ТЖД бөлім бастығы – құтқарушы Руслан Сойко Түркиядағы апат аймағында атқарылған жұмыстары туралы есеп берді.
2023 жылдың 8 ақпанында жер сілкінісінен зардап шеккендерді құтқаруға көмектесу үшін Қарағанды облысы ТЖД құтқарушылар тобы мен Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері 15 адам болып Түркияға ұшып кетті. Топ апаттық құралдармен, шатырмен, тұрмыстық техникамен, автономды тіршілікті қамтамасыз етумен және автокөлікпен жабдықталған.
«Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізбес бұрын біз жағдайды зерттедік. Жергілікті инженерлермен бірге ғимараттар мен құрылыстардың тұрақтылығын бағаладық, құтқарушылар үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын ұйымдастырдық», — деді Руслан Сойко.
Құтқарушылар 2 ауысымда 16 сағат жұмыс істеді.
Ауыр және көлемді металл конструкциялар мен бетон блоктарын көтеру және жылжыту үшін ауыр техника пайдаланылды. Жұмыс тыныс алу қиын ортада жүргізілді.
Зардап шеккендерді іздеу кезінде тірі дыбыстық сигналдарды алу үшін «тыныштық сағаты» әдісі қолданылды. Осы уақытта іздестіру итімен кинологиялық есеп және зардап шеккендерді іздеу құрылғысы белсенді түрде қолданылды.
Тірі зардап шеккендер табылған кезде дауыстық байланыс орнатылды, сонымен бірге құтқарушылар оларды босату үшін жолдарды тазартуға кірісті.
Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері зардап шеккен жергілікті тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, психологиялық көмек көрсетті.
Сондай-ақ, Қарағанды құтқарушылар тобының басшысы адамдарды іздеуге, ғимараттардың жай-күйін бақылауға және т. б. арналған жабдықтардың кейбір түрлеріне қажеттілік анықталғанын атап өтті.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында қарағандылық құтқарушылар 3 адамды құтқарып, қаза тапқан 11 адамның денесін шығарды.
Сондай-ақ үй жануарлары (құстар, мысықтар, т.б.) құтқарылды. Құнды заттар (зергерлік бұйымдар, сейфтер, ақша, атыс қаруы) табылып жергілікті атқарушы органдарға тапсырылды. Көрсетілген көмектер үшін жергілікті тұрғындардан көптеген алғыстар айтылды.
Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов құтқарушыларға қосымша жаттығулар арқылы біліктіліктерін арттыруды тапсырды.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі