
21 қарашада Қарағанды облысының азаматтық қорғау органдарының гарнизоны өзгелерді құтқару үшін өмірін қиған әріптесі Асқар Забикулинді еске алып, рухына тағзым етті.
Ағымдағы жылдың 16 қарашасы Астанада көпқабатты үйде өрт шықты. 15 қабатты тұрғын үйдің 11-қабатында 50 шаршы метр аумақтағы пәтер ашық жалынмен өртеніп, қатты түтін шыққан.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел кезекшінің көмекшісі азаматтық қорғау капитаны Асқар Забикулин мен №10 өрт сөндіру бөлімінің командирі Аян Кемпіров өз өмірлерін қатерге тігіп, өртеніп жатқан және көрші пәтерлерден бес адамды құтқарып, он адамды қауіпсіз жерге көшірді.
Өртеніп жатқан пәтерге терезе арқылы кіру үшін Забикулин Асқар жауынгерлік киімін шешіп, тек камуфляжбен және бетпердемен жанып жатқан бөлмелерді аралап, әжесі мен немересін өрттен алып шықты, содан кейін көрші пәтерден он жасар баланы аман алып қалды - бала қорыққанынан балконға тығылып қалған.
Өрт салдарынан Забикулин Асқардың денесінің 80 пайызын күйік шалған. 20 қарашада Забикулин Асқар ауруханада қайтыс болды.
17 қарашада мемлекет басшысы елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен адалдығы үшін Асқар Забикулин 1-дәрежелі «Айбын» орденімен, Аян Кемпіров 3-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Қайсарлық, батылдық, кәсібіне адалдық, жанқиярлық пен бір-біріне көмектесуге дайын болу – адамдарды құтқаруды өмірлік ісі деп таңдағандарды қашанда ерекшелендіретін қасиеттер. Біздің жолдас өз міндетін абыроймен атқарды, біз оны мәңгі есте сақтаймыз.