
11 шілде күні кешкі уақытта құтқарушыларға Балқаш көлінде балықшыларды табуға көмек сұраған хабарлама түсті. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ТЖД құтқарушылары мен жергілікті тұрғындар арасынан іздеу тобы жіберілді. Анықталғандай, 9 шілде күні екі ер адам Балқаш көліне балық аулауға шығып, борт моторының ақауы салдарынан өз бетімен қайтып орала алмаған. 12 шілде күні таңертең қайықты қасынан өтіп бара жатқан балықшылар көріп, көмектесуге ұсыныс жасаған. Бірақ ер адамдар қайықты тастап кетуге батылы жетпегендіктен, біреуі сонда қалып, екіншісі келген балықшылардың қайығына мініп, Сарышаған ауылына жетіп, көмек сұрайды.
12 шілдеде іздестіру тобы Приозерск қаласынан 30 шақырымдай жерде жоғалып кеткен балықшыны тапты. Аман қалған адамға медициналық көмек қажет болмады.
Қарағанды облысының ТЖД азаматтарға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін еске салады.
Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін су қоймасына кетер алдында қайықтың жағдайын мұқият тексеруді ұсынамыз.
Қайықтағы әрбір адам үшін құтқару шеңбері, белбеу немесе кеудеше болуын ұмытпаңыз.
Дауылды ауа райында суға түсуге тыйым салынады.