
Ағымдағы жылдың 12 шілде күні Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Өрт қауіпті кезеңнің қауіпсіз өтуі туралы» тақырыбында Қарағанды облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысы Нұрлан Жақыпбаевпен брифинг өтті.
Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері Қарағанды облысының аумағында 22 орман өрті тіркелді. Өрттің жалпы ауданы 1500-дан аса гектарды құрады. Сондай-ақ, жалпы ауданы 11 мың га-ға жуық аумақта 86 далалық және құрғақ шөптер өрті тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биылғы көрсеткіштер 20%-ға жоғары. 20 табиғи өрттің шығуына отқа абайсыз қарау себеп болған.
Дала өрттеріне байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп 2022 жылдың өрт қауіпті кезеңінде дала өрттерінің алдын алуға және сөндіруге бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізді.
Өрт қауіпті кезең басталғанға дейін облыс бойынша 10 орман өрт сөндіру бекеті, 6000-нан астам адамнан тұратын 505 ерікті өрт сөндіру құралымдары, техникамен жабдықталған 1698 бірлік автокөлік, 134 өрт сөндіру машинасы дайындалды.
Жазғы өрт қауіпті кезең басталғаннан бері 400-ден астам рейдтер, 1500-ден астам жиындар, нұсқаулықтар, халықпен және ұйымдармен дөңгелек үстелдер өткізілді.
«Сонымен қатар тұрмыстық және өндірістік өрттер санының шамалы өсуі байқалады. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында облыста 481 өрт оқиғасы тіркеліп, оның барысында 17 адам қаза тауып, 22 адам зардап шекті.
Өрттердің басым бөлігі тұрғын үй секторында орын алды – 290, 94 көліктегі өрт, 19 өрт әкімшілік және қоғамдық ғимараттарда, 18 өрт сауда кәсіпорындарында, 13 оқиға ғимараттар мен өндірістік нысандарда», – деді Н.Жақыпбаев.
Өрттердің негізгі себептері: электр жабдықтарын салу және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, отқа абайсыз қарау, пештерді, тұрмыстық электр аспаптарын салу және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу және т.б.
Спикер өрт қауіпті кезеңде отпен аса сақ болуға шақырды: сөндірілмеген сіріңке, темекі, шыны сынықтары және т.б. шашпаңыз. Отты тек арнайы белгіленген жерлерде жағуға болады. Сондай-ақ, отты сөндірмей қалдыруға болмайды.
Өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін еске саламыз:
- Іске қосылған электр және газ аспаптарын қараусыз қалдырмаңыз және оларға жас балаларды жібермеңіз;
- Бір мезгілде ірі электр аспаптарын қоса алғанда, электр жүйесін жүктемеңіз;
- Балалардың отпен ойнауына жол бермеңіз.