Қарағандыда анықтаушылардың алғашқы республикалық семинары өтті

Қарағандыда анықтаушылардың алғашқы республикалық семинары өтті

2022 жылғы 27 және 28 мамырда Қарағанды қаласында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың Төтенше жағдайлар департаменттерінің анықтау бөлімдерінің бастықтарымен алғашқы республикалық семинар-кеңес өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты анықтау қызметкерлерінің кәсібилігі мен тиімді жұмысын арттыру болды.

Іс-шараны Қарағанды облысы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов ашты. Ол бірінші семинарға қатысушыларды құттықтап, семинарда алған білім пайдалы және жұмыста қолданылатынына үміт білдірді.

Семинар-кеңес ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті анықтау басқармасының бастығы Бақытжан Алашовтың және Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Бекбосыновтың төрағалығымен өтті.

Семинар аясында Қарағанды облысы прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Ризагүл Қаржасова және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Зарина Қасымбекова тақырыптық дәрістер оқыды.

Сондай-ақ, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессорлары Әлімхан Майтанов пен Роза Жамиева қылмыстық іс жүргізу заңнамасы саласындағы өз білімдерімен бөлісті.

Семинарға қатысушылар екі күн бойы пікір алмасты, проблемалық мәселелерді талқылады және өз қызметін одан әрі жақсарту бойынша ұсыныстар енгізді.

Екі күндік семинардың соңында іс-шараны ұйымдастырушылар белсенді қатысқаны үшін анықтаушыларға алғыс білдірді.