
Жыл сайын Қарағанды облысында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, жас офицер атағының беделін көтеру, кәсіби шеберлікті дамыту, өз елінің мүдделерін қорғау бойынша азаматтық борышын және конституциялық міндеттерін орындауға дайындық мақсатында жас офицерлер балы өткізіледі.
Мұндай оқиға әскери қызметшілердің бірнеше ұрпағын – кадет сыныптарының оқушыларын, курсанттарды, әскери қызметшілерді және түрлі ведомстволардың ардагерлерін біріктіреді.
Іс-шараға Төтенше жағдайлар департаментінің, Қарағанды облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің, прокуратураның, полиция департаментінің, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, "Орталық" және "Астана" өңірлік қолбасшылықтарының өкілдері, сондай-ақ ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттары қатысады.
Жас офицерлер балы Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылғандықтан, қатысушылар жұптарының саны - 30 символдық болды.
Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінен №3 МӨСБ аға инженері Азамат Әбдірахманов, №23 ӨСБ қарауыл бастығы Қуандық Біргебаев және №20 ӨСБ қарауыл бастығы Әділ Мұстаханов қатысты.
Қатысушылар бірнеше би орындады, қатысушылардың өнерлерін би саласының қызметкерлері арасынан қазылар алқасы бағалады.
Азамат Абдрахманов бал бойынша өзінің жұбымен құрметті үшінші орынды иеленді.
Бас жүлде және I орын иегерлері болып ҰҚК департаменті мен қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жұптары танылды. Екінші орын ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының қатысушыларына берілді.
Жеңімпаздарға сыйлықтар-мүсіншелер, дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі